«Талибан» радикал қозғалысының содырлары Ауғанстанда билікке келгелі бері төрт провинцияда полиция мен барлаудың жүзден астам бұрынғы қызметкерін ұрлап әкетіп, оларды аяусыз өлтірген. Human Rights Watch ұйымының сейсенбіде жариялаған есебінде осындай мәлімет бар.
Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы сайтында жарияланған 25 беттік есепте жаңа билік рақымшылық жариялағанына қарамастан, тәліптер биліктен тайдырылған үкіметтің қарулы күштерінен өш алуын доғармағаны айтылған.
HRW мәліметінше, ауған қарулы күштерінің, полицияның бұрынғы 47 қызметкерін тәліптер өлтіргені туралы бұлтартпас деректер бар. Газни, Гильменд, Қандағар және Құндыз провинцияларында ғана жүзден астам өлтірілген немесе із-түссіз жоғалған. HRW бұл есепті 67 адамның мәлімдемесіне сүйене отырып дайындағанын хабарлады. Олардың арасында қылмыс куәгерлері, марқұмдардың туыстары мен достары, сонымен бірге «Талибан» содырлары бар.
Human Rights Watch ұйымы Азия бөлімінің директоры Патриция Гусман: «Талибан» жетекшілері уәде еткен рақымшылыққа қарамастан, содырлар ауған қарулы күштерінің бұрынғы қызметкерлерін өлтіруін доғармады. «Талибан» кісі өлтіруді тоқтатып, әрбір оқиғаны толық зерттеп, құрбандардың отбасыларына өтемақы төлеуі тиіс», — деп мәлімдеді.
Есепте айтылғандай, «Талибан» жетекшілері қауіпсіздік күштерінің өз еркімен берілген қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды тіркеуге алуды ұсынған. Алайда содырлар бұл ақпаратты оларды сотсыз өлтіру үшін пайдаланған, делінген есепте.
Тәліптер HRW есебіне ресми түрде жауап беріп, мәліметтерде қате барын айтқан. «Есепте аты-жөні аталған адамдардың бірқатарына қатысты деректі алсақ, бұл адамдар жасаған қылмыстар туралы ештеңе айтылмаған. Барлау ақпаратымыз бойынша, олар жаңа әкімшілікке қарсы сөз байласып, қиыншылық туғызуға талпынған», — делінген тәліптер берген жауапта.
KAZAKBOL.COM