Тәжікстандағы Худжанд қаласының тұрғыны Шахло Давлатова қалалық ішкі істер бөлімінінің тергеушісін заңсыз валюта операциясына қатысты істі жабу үшін 30 мың доллар ақша талап етті деп айыптады.
Бұған қоса, ол тергеушіні жұмыс бөлмесінде зорлады деп айыптап отыр. Ділмұрод Шодизода кісі зорлады, ақша бопсалады деген айыптарды жоққа шығарған.
2022 жылдың аяғында Шахло Давлатова заңсыз валюта операциясын жүргізді деген күдікпен ұсталып, төрт жылға бас бостандығынан айрылған. Жазаны өтеу уақыты әйелдің кішкентай баласы болуына байланысты төрт жылға шегерілген. Шахло Давлатованың баласы қазір төрт жаста.
Шахло Давлатова Худжандтағы құрылыс компанияларынан жартылай дайын пәтерлерді сатып алып, оларды жөндеп сатумен шұғылданған. Ол сауданы тек қана ұлттық валютамен жүргізгенін айтқан. 2022 жылғы 30 қарашада жергілікті тұрғыннан 9800 доллар қарызды алып жатқан уақытта ұсталдым дейді Шахло.
Давлатованың айтуынша, Худжанд қалалық ішкі істер бөлімінің осы істі жүргізген тергеушісі Ділмұрод Шодизода істі жабу үшін 30 мың доллар сұраған.
«Мен қамауда отыранда мұндай ақшаны таба алмайтынымды айттым. Тергеуші ешқайда кетпеу жөніндегі қолхаттың күшін жойды. Бірақ мен қанша тырыссам да 30 мың доллар жинай алмадым. Тергеушіге екі бөлмелі пәтерді соның атына жазып беретінімді айттым. Бірақ ол келіспеді, пәтерді пара ретінде алғаны ашылық қалады деп қорықты. Сөйтіп 30 мың доллар қолма-қол ақша алып келуді талап етті», дейді Давлатова.
Тергеушінің қылмыстық әрекеті туралы Шахло Тәжікстан президенті мен лауазымы жоғары шенеуніктерге жазған.
«Мен Соғды прокуратурасына да арыздандым. Ол туралы естіген Шодизода маған тағы бірнеше айып тақты. Адвокатпен кездестірмей қойды. Ділмұрод Шодизода сонда да 30 мың доллар талап етуін қоймады. Бір күні ол мені жұмыс бөлмесінде зорлады», дейді Шахло.
Тергеуші ауыр айыптарды жоққа шығарып отыр.
«Шахло Давлатованың ісін жүргізгенім рас. Зорлады, ақша бопсалады дегені жалған. Дәлелі болса, құзырлы органдарға шағымдансын. Мен жасаған ісім үшін жауап беруге дайынмын», дейді тергеуші Азаттықтың Тәжік қызметі — Озоди радиосына.
Худжанд қалалық соты Шахло Давлатованы төрт жылға соттап, оған 47 мың 330 сомони айыппұл салған. Давлатова енді жоғарғы билік өкілдерінен араша сұрап отыр.
KAZAKBOL.COM