Астанада аялдама қабырғасына жазылған жазуды көрген қазақстандықтар биліктен оның авторын тауып, жазалауды сұрап отыр, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Астана тұрғыны Азамат Көшенов Facebook парақшасында елордадағы Жеңіс пен Ә.Молдағұлова көшелерінің қиылысында орналасқан аялдама фотосын жүктеді. Аялдама қабырғасында «Қазақтарды ит секілді өлтіріп тастау керек» деген жазуды байқауға болады.
«Жеңіс көшесі мен Ә.Молдағұлова көшесі қиылысының аялдамасы. Кім жазса да ұстап, заңға сəйкес жазалауды сұраймын. Мұндай арандатушылардың көзін бірден құрту қажет» деп ашынды астаналық. Бұл жазба өзге де желі қолданушыларының ашуына тиді. Енді қазақстандықтар биліктен көше бойындағы бақылау камералары арқылы арандатушылық жазуды жазған адамды іздеп тауып, жазалауды талап етіп отыр. Айтпақшы, қолданушылардың кейбірі мұны сүттей ұйып отырған мемлекетке әдейі жасалған әрекет деп топшылады.