Бейсенбіге қараған түні Украинаның бірнеше аймағында түнгі дабыл қағылды.
Киев, Харьков және басқа да қалалар атқыланды. Жергілікті дереккөздердің мәлімдеуінше, кейбір қалаларды бомбалау үдей түскені байқалады. Киевте түнде бірнеше қатты жарылыс болды.
Харьков облысындағы Изюмді бомбалау кезінде сегіз адам қаза тапқан. Олардың арасында балалар да бар. Бұл туралы УНИАН украин агенттігі қала басшысының орынбасары Владимир Мацокин дерегіне сүйене отырып хабарлады. Шенеуніктің айтуынша, снаряд Украина көшесіндегі үйлердің біріне құлаған. Полиция ғимараты да атқыланған. Қала орталығы қатты зақымданған. Мәліметті тәуелсіз дереккөздермен растау мүмкін болмай отыр.
Харьков қаласындағы Әулие Құдай ана соборына да соққы жасалды. Қала мақтанышына айналған собордағылар дін аман, бірақ ғимараттың терезелері шағылып, қабырғаларына нұқсан келді. Бұл туралы «Украинская правда» басылымы Украин православ шіркеуінің жергілікті епархиясына сілтеме жасап хабарлады.
Қара теңіз жағалауындағы Херсон қаласының мэрі Игорь Колыхаев ресейлік жауынгерлер орталық аудандар мен көшелерге жеткенін, жергілікті кеңес ғимаратына кіргенін хабарлады. Бір күн бұрын Ресейдің қорғаныс министрлігі Херсонды алғанын мәлімдеген.
Ресей күштері Азов теңізі жағалауындағы Мариуполь портты қаласын қоршауға алғаны туралы мәлімет бар.
Украина президенті Владимир Зеленский халыққа үндеуінде ел «ресейлік басқыншыларға қарсы Отан соғысын жүргізіп жатыр» деп мәлімдеді. Зеленскийдің пікірінше, украин күштері қарсыластың әскери жоспарын бұзып, оны едәуір әлсіретті.
Беларусьтың Брест облысында бейсенбі күні Украина мен Ресей делегациялары келіссөздерінің екінші раунды өтеді.
Ресей әскері Украина аумағына 24 ақпанда басып кірді.
KAZAKBOL.COM