Енді, коррупция жайлы құзырлы органдарға хабарлаған азаматтар 10 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады. Бұл жөнінде өткен жылды қорытындылаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік
төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді. Сондай-ақ, агенттіктің алқа отырысында атышулы ЛРТ-ға қатысты тергеу аяқталғаны белгілі болды. Бюджетке келтірілген шығын 5,7 млрд теңгені құраған. Қазір, іске қатысы бар он адамның үшеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Жұртты шулатқан ЛРТ-ға қатысты тергеу ақыры аяқталды. Жерүсті метросының қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен іске 10 лауазымды тұлға тартылып, оның үшеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Бой тасалап жүргендердің арасында ЛРТ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан да бар. СЕРГЕЙ ПЕРОВ, ҚР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ЕКІНШІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «ЛРТ-ға қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық істің материалдарымен танысу басталды. Ақша жымқырып, жасырынып жүрген қылмыскерлерді іздеу жалғасып жатыр. Шығын көлемі 5,7 млрд теңгені құрап отыр. 10-ға жуық адам күдікті деп танылып, 3 адам халықаралық іздеуде жүр. Олардың қайда жасырынғанын білеміз, қалған ақпараттар жарияланбайды». Ал былтырғы парақорлыққа қатысты фактілер жаға ұстатады. Қазына қаржысын талан-таражға салған мыңнан астам лауазымды тұлға істі болывп, мемлекетке 24,6 млрд теңге шығын келген. Бірақ, оның барлығы дерлік қазынаға қайтарылыпты. АЛИК ШПЕКБАЕВ, ҚР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Агенттікпен өткен жылы 1717 жемқорлық фактісі тіркелген. Оның жартысынан астамы пара беру. Мыңнан астам лауазымды тұлға істі болды. Сондай-ақ, 112 жүйелі жемқорлықтың жолы кесілді. Мемлекетке 24,6 млрд теңге шығын келтірілген. Оның 22,7 млрды өндіріп алынды». Ал, өткен жұмада Кереку жұртын дүр сілкіндірген өңір басшысы Болат Бақауов жөнінде де агенттік бірқатар ақпарат таратты. Құзырлы органның мәліметінше, шенеунік «жемқорлық» бабы бойынша да күдікке ілінген көрінеді. БАУЫРЖАН БАЛҒАБЕКОВ, ҚР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ БІРІНШІ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұл сұрақ бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге облыс әкіміне қатысты істі тергедік. Аталған қылмыстық іс бойынша, ведомство аралық жедел тергеу комиссиясы құрылды. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес, қалған ақпараттар жариялануға жатпайды. Шенеунікке біздің сала яғни жемқорлық бойынша бір қатар сұрағымыз болды. Қазір Бақауов екі айға қамауға алынды». Сонымен қатар, талай байрақты бәсекелерде еліміздің намысын қорғаған Артур Ардавичус те мотоспортқа деп бөлінген 2 млрд теңге қаржыны жымқырды деп күдіктеліп отыр. Айта кету керек, Ардавичус атақты «Ралли Дакар-2012» бәсекесінің қола жүлдегері. Қазір, шетелде бой тасалап жүр екен. СЕРГЕЙ ПЕРОВ, ҚР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ЕКІНШІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Артур Ардавичус құрал-жабдықтар алуға, оқу-жаттығу жиынан өткізуге бөлінген 2 млрд теңгені жымқырды деп күдіктеліп отыр. Дәл қазір, спортшы шетелде бой тасалап жүр. Бір айға жуық уақыт біздің тергеушілер онымен келіссөз жүргізді. Елге келуге үгіттеді, бірақ, Ардавичус Қазақстанға оралудан, түсінік беруден үзілді-кесілді бас тартты. Спортшы осы уақытқа дейін, өзінің кінәсіз екенін, бізбен кездесуге дайын екенін айтқан болатын. Бірақ, іске келгенде мүлде
керісінше». Агенттіктің алқа отырысында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, халықтың назарын аудару үшін жемқорлық жайында кинолар тіпті сериалдар түсіруді ұсынды. Ал, мұндай бейнероликтер ауызбастырықтың алдын алады ма жоқ па ол сұрақтың жауабын алдағы уақытта білеміз.
KAZAKBOL.COM