Ғаділбек Жанай
Жуырда әнші өзінің 10 жылдық есеп беру концертін өткізді. Ол 93 жасқа келген әкесінің концертіне келе алмағанын айтып қынжылды.
«Әке мен ата тақырыбы жүректі тебірентетін тақырыптардың бірі ғой. Концертіме келе алмайтын әкемді еске алып, марқұм анамды еске алып, біраз толқып кеттім. Өзім концертте жүрсем де, санам ауылда болды», — деді ол. Сонымен бірге ол марқұм анасының дүниеден озған кезін де еске түсірді.
«Мен ол кезде Алматыда болатынмын. Біздің қазақтың даналығы сонша, алыста жүрген адамға бірден айтпайды ғой, қайтыс болғанын. «Ауыр халде жатыр, денсаулығына байланысты келуің керек» деп шақырады. Сенбейсің ғой, анаңның өмірден өтуі мүмкін еместей көрінеді. Ауылға барғанша сезген жоқпын. Ішің сезіп тұрады, бірақ сенбейсің бәрібір.
Ауылға кіріп, үйге жақындаған кезде киіз үй тұрады, сонда ғана білдім. Қимайсың, бірақ амал жоқ. Бүгін сол күнге қайтып келгендей болып тұрмын. Өте ауыр болды мен үшін, қайта бас көтеру де оңайға түспеді. Бірақ жұбатқан бір-ақ нәрсе — ол анам тірі болса, мені қандай күйде көргісі келетіні.
Осы өзіме мотивация болды. Анам мені қандай күйде жүргенімді қалар еді, түңілгенімді ме, әлде жарқырап елдің алдында жүргенімді ме? Алдымда екі жол тұрды. Бүгін дұрыс жолды таңдағанымды түсіндім.
Ананың орны ерекше ғой. Егер өмірде қадірін білмей жататын екі адам болса, олар ата-анаң ғой», — деді ол.
KAZAKBOL.COM