Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысы Байзақ ауданында оқ-дәрі бөлшектерін жару жұмыстары басталғанын хабарлады. Оқ-дәріні жоюмен инженер-саперлар айналысады. Ведомство бір айда жұмысты тәмамдауға уәде берді.
«Жұмыс күн сайын дүйсенбіден бастап жұма аралығында 13 қарашаға дейін жүргізіледі. Бұл үшін адам жоқ таулы жерде әскери бөлім мен елді мекендерден алыста әскери бөлімнен 12 шақырымнан астам қашықтықта учаске белгіленді. Мамандар тобы жергілікті халық пен инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған жер учаскесін толығымен зерделеді» делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жергілікті атқару органдары мен халық жару жұмысы жөнінде хабардар. Күштік құрылымдар жаратын орындардың аумағын қоршаған.
«Жару кезінде дыбыстық әсер болады. Жүргізілетін жұмыстың жергілікті халық үшін қаупі жоқ» дейді министрлік өкілдері.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, осының алдында Жамбыл облысының тұрғындары жарылыс дыбыстарын естіген. Министрліктің хабарламасы содан кейін тарап отыр.
Тамыз айында Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін елде ескі оқ-дәрілер мен оларды жою мәселесі көтерілген. 10 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы әскери қоймада тағы жарылыс болған кезде ведомство «Алдағы уақытта да бұндай жарылыстар болуы мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады» деп мәлімдеген.
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөліміндегі қоймада оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласқан. Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланған. 17 адам қаза тапты. Олардың 10-ы — азаматтық қорғаныс, алтауы – қорғаныс министрлігі, біреуі – әскери прокуратура қызметкері. Тағы бір адам іздестіріліп жатыр. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы («Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
KAZAKBOL.COM