Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мамыр айында Қырғызстанға барады. Бұл туралы қырғыз президенті Садыр Жапаровтың Өзбекстанның вице-премьер-министрі Сардор Умурзаковпен кездесуі кезінде белгілі болды.
Жапаров жоғары деңгейдегі кездесу – екі ел арасындағы әріптестіктің барлық салаларын жаңа кезеңге көтереді деген сенімін жеткізді. Ол сонымен бірге Өзбекстан елінің маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті.
Сардор Умурзаков Бішкекке Шавкат Мирзияевтің тапсырмасымен келгенін, мақсаты Өзбекстан президентінің сапарына дайындықты көру екенін айтты.
Жапаров Ташкентке былтыр наурыз айында барған. Онда екі елдің президенті 22 құжатқа қол қойған.
Осыған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 26-27 мамырда өтетін Еуразиялық экономикалық кеңес және Еуразиялық экономикалық форум аясында Бішкекке баратыны хабарланған.
KAZAKBOL.COM