Мәжіліс сайлауына жеті партия жіберілді, деп хабарлады сенбі күні орталық сайлау комиссиясы. Бұлар: Amanat, «Ақ жол», «Ауыл», «Байтақ», «ЖСДП», «Қазақстан халық партиясы» және Respublica.
ОСК-ның айтуынша, «Байтақ» партиясының Қазақстан облыстарында бөлімшелері жоқ болғандықтан олар тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы мәслихат сайлауына қатыса алады. Ал Respublica партиясының бөлімшелері болмағандықтан мәслихат сайлауына қатыспайды.
Сенбі күні әділет министрлігі тағы екі жаңа партия «Ел тағдыры» және «Ұрпақтар жалғастығы» ұйымдарының құжаттарын қарап жатқанын хабарлады. Егер олар 8 ақпанға дейін яғни, кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталғанға дейін тіркеліп үлгерсе, сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
«Ел тағдырының» жетекшісі 70 жастағы Жұматай Әлиев былтыр президент сайлауы қарсаңында «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан президент сайлауына қатыспақ болып, тіркеле алмай қалған. ОСК олардың «жинаған қолы жеткіліксіз болды» деген уәжбен тіркемеген. Ал «Ұрпақтар жалғастығы» туралы ақпарат жоқ.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Сайлауға бюджеттен 33,4 млрд теңге бөлінетіні хабарланған.
Сайлау аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді.
Сарапшылар елде билікке шынайы бәсеке бола алатын тәуелсіз партиялар тіркеле алмай, тек «билікке адал» ұйымдар ғана тіркеуден өтіп жатқан шақта, белсенділерді қудалау күшейген тұста сайлау күні белгіленгенін алға тартады.
Билікті сынайтын және саяси-экономикалық реформаларды талап еткен топтар Қазақстан демократиялық партиясы, «Алға, Қазақстан», Халыққа адал қызмет, «Біздің құқығымыз», «Еркін халық», «Халық таңдауы», «Ел тірегі» партияларын құратынын мәлімдеген. Алайда олардың ешқайсысы әзірге тіркеле алмады. Кейбірінің жетекшілері қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Ал билік елде саяси қудалау жоғын айтады және тәуелсіз белсенділерге партияны тіркеуге кедергі жасағанын мойындамайды.
KAZAKBOL.COM