Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков «шекарны бұзғандарға» әскери күш арқылы жауап береміз деп мәлімдеді.
Ол «Интерфакс» агенттігінің сұрақтарына жауап беріп жатып, британдық әскери кеменің Қара теңіздегі әрекеті қайталанбас үшін әскери шара қолданамыз деді.
Ресей қорғаныс министрлігі аннексияланған Қырымға жақын аймақта жүрген британдық «Дефендер» әскери кемесіне қарсы ескерту оғы атылғанын мәлімдеген. Бірақ бұл мәліметті Ұлыбритания теріске шығарған.
«Біз халықаралық заңдардың сақталуын талап етеміз. Егер бұл көмектеспесе, әріптестеріміз түсінбей жатса, қарсы бомбалай аламыз. Біз дипломатиялық және саяси тұрғыдан қорғанамыз, қажет болған жағдайда әскери құралды қолданамыз», – деген Рябков.
Ресей мен Ұлыбритания бұл оқиғаны әртүрлі түсіндіріп жатыр. Тек 23 маусымда британдық әскери кеме Қара теңіз арқылы Одессадан Грузияға қарай жүрген кезде Фиолент мүйісіне жақындап кетті деген ақпаратты жеткізгенде ғана ортақ сәйкестік болды.
Ресей бұл аймақ біздің бақылауда, британдық кеме мемлекеттік шекараны бұзды деп есептейді. Ал Ұлыбритания болса, кеме халықаралық белгіленген дәлізбен ғана жүрді деп отыр.
Британдық кемеде ВBC тілшісі Джонатан Бил болған. Ол өзі мінген кеменің соңына ресейлік кемелер түсіп, бағытты өзгертуді талап еткенін айтты. Ол көрсеткен кадрде алыстан әлсін-әлсін оқтың дауысы естілген. Сонымен бірге кеменің төбесінде 20 ресейлік әскери ұшақ ұшып жүрген.
Осыдан кейін британдық кеме ол аймақтан кеткен.
KAZAKBOL.COM