Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты, «Әділетті Ресей» фракциясының басшысы Сергей Миронов Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанда Украинадағы соғысқа қатысқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды «абсурд» деп атады.
Ресей саясаткерінің мәлімдемесі Твиттер парақшасына жарияланды.
Мироновтың сөзінше, жоғарыда аталған елдер ЕАЭО-қа мүше болғандықтан, «бұл мәселені мемлекетаралық деңгейде шешуі тиіс».
«Егер бұл елдердің азаматтығын алған орыс өзінің тарихи отанына көмектесуді шешіп, арнайы операцияға қатысса, онда оны түрмеге қамайды. Бұл абсурд! Біз бұл мәселені мемлекеттер аралық деңгейде шешуді сұраймыз», — дейді Миронов мәлімдемесінде.
Қырғыз депутаты Дастан Бекешев «Твиттер» парақшасына Қырғызстан өз азаматтарын қандай да бір соғысқа үндеуге міндетті емес екенін атап өтті.
«Еуразия экономикалық одағы әскери одақ емес және біз азаматтарды қандай да бір соғысқа қатысуға үндеуге міндетті емеспіз», — деп жазды Бекешев.
KAZAKBOL.COM