Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин 1-2 желтоқсанда Өзбекстанда болады. Бұл туралы Podrono.uz сайты Ресейдің Өзбекстандағы сауда өкілдігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Мәліметке қарағанда, Мишустин Самарқанда орыс-өзбек бизнес-форумына қатысады. Өзбекстан делегациясын бұл шараға өзбек премьер-министрі Абдулла Әріпов бастап барады.
Форумда көлік-логистика салаларын дамыту, сауда-экономикалық әріптестікті арттыру, екі елдің шағын және орта кәсібінің байланысы мәселелері талқыланады.
Бұның алдында «РИА Новости» 28 қарашада Мәскеуге барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Владимир Путинмен, содан кейін Мишустинмен кездескенін хабарлаған.
«РИА Новости» мәліметінше, Тоқаев Ресей және Өзбекстанмен «одақтасу» мәселесін Мишустинмен талқылауға дайын екенін айтқан.
«Бүгін Владимир Владимирович бізге әлдебір үштік одақ құру қажеттігі туралы айтты, енді ол Өзбекстан президентіне телефон шалмақ», — деген Тоқаев сөздерін агенттік жариялады.
Алайда Тоқаев баспасөз қызметінің сайты да, Кремль сайты да бұл мәселеге қатысты ешқандай мәлімет таратпады.
KAZAKBOL.COM