Мәскеу Түркияға С-400 зенитті зымыран кешенінің екінші полкын сатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Әскери-техникалық әріптестік жөніндегі федералдық қызмет басшысы Дмитрий Шугаев хабарлады.
Бұның алдында Анкара кешеннің алғашқы полкын сатып алған уақытта АҚШ оған қарсы санкция жариялаған. Вашингтон мұндай кешенді сатып алу НАТО-ға мүше елдің міндеттеріне қайшы келеді деп есептейді.
Шугаев әскери техниканы Түркияға сатқанын Мәскеуде «Армия-2022» форумында хабарлады. Шенеунік сауда келісімі қашан жасалғанын айтпады. Оның мәлімдеуінше, «күрделі саяси жағдай» «әріптестердің Ресеймен қатынасын қиындатты», бірақ Түркиямен әскери-техникалық әріптестік үзілген жоқ.
С-400 «Триумф» — ұзақ және орта қашықтыққа арналған зымыран жүйесі. Ол қарулы күштерге 2007 жылы қабылданды. Қарудың бұл түрін Мәскеу бұның алдында Қытай мен Үндістанға сатқан, Сирияда қолданған. Мәскеу мен Анкара кешенді сату туралы келісімге 2017 жылы қол қойған. Түркия НАТО-ға мүше елдер арасында осындай қару сатып алған алғашқы ел атанды.
Вашингтон Анкарадан зымыран жүйесінен бас тартуын бірнеше мәрте талап етті. Түркия болса одақтастар зымыран кешенін арзан бағаға сатпай отыр деп жауап берді.
KAZAKBOL.COM