Ресейде жазасын өтеп жүрген уақытта Украинадағы соғысқа аттанып, сол жерде мерт болған тағы бір тәжік азаматының сүйегі туыстарына тапсырылды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Тәжікстандағы Хатлон облысы Дусти ауданының 47 жастағы тұрғыны Бұлбұл Давлатшоев 2007 жылы есірткі сатты деген айыппен Санкт-Петербургтегі түрмеге түскен, «бірақ Украинадағы соғыста мерт болған».
Дусти ауданы әкімдігінің өкілдері 11 қаңтарда қаралы хабарды растады, бірақ қосымша мәлімет беруден бас тартты.
Марқұмның туыстарының бірінің айтуынша, Ресей жағының мәліметінше, 2022 жылғы 19 қазанда Бұлбұл Давлатшоев түрмеден Украинадағы соғысқа аттанған. Жазасын өтеушінің қандай себеппен көрші елдегі әскери жанжал аймағына тап болғаны беймәлім.
Бұлбұлдың бауыры Эрадж Давлатшоевтың 12 қаңтарда Азаттықтың Тәжік қызметі — Озоди радиосына хабарлауынша, Ресей билігі оның «кеудесіне оқ тиіп, қансырап өлгенін» айтқан. Давлатшоевтер марқұмның не себепті Украинадағы соғысқа барғанын біле алмай отыр.
«ЧВК Вагнер» қожайыны, Ресей президенті Владимир Путинге жақын кәсіпкер Евгений Пригожин бұның алдында Украинадағы соғысқа баратын түрмедегілер рақымшылық алатынын айтқан.
Ресей бірнеше айдан бері колонияда отырғандарды Украинадағы соғысқа жіберіп келеді. Олардың арасында кісі өлтіру, қарақшылық, кісі зорлау секілді ауыр қылмыс жасағандар да бар. Қамаудағыларды соғыста тарту ісімен Евгений Пригожиннің жеке өзі айналысып жүргені жақында мәлім болды. Ол түрмелерге барып, жазасын өтеушілерді Украинадағы соғысқа баруға үгіттеген.
2022 жылғы желтоқсанда Хатлон облысында Ресейде жазасын өтеп жүрген жерден Украинадағы соғысқа аттанып, ұрыс барысында мерт болған екі тәжік азаматы жерленді. 22 жастағы Бобоәзіз Туйдиевтің сүйегі Ресейден Тәжікстанға 12 желтоқсанда жеткізілді. Ол туған жері Яван ауданында, ал 28 жастағы Манучехр Шодов осы облыстың Кушониён ауданында жерленді.
Екі жыл бұрынғы мәліметке қарағанда, Ресейдегі түрмелер мен тергеу изоляторларында сол кезде Тәжікстанның 10 мыңға жуық азаматы отырған.
KAZAKBOL.COM