Ресейде прокурор оппозициялық саясаткер Владимир Кара-Мурзаны 25 жылға қатал режимдегі түрмеге кесуді сұрады. Бұл туралы ресейлік Sota басылымы адвокат Мария Эйсмонтке сілтеме жасап хабарлады.
Кара-Мурза Ресей армиясы туралы «жалған ақпарат» таратты, «жағымсыз ұйымдардың» ісіне қатысты және мемлекетке сатқындық жасады деп айыпталып жатыр. Тергеу мәліметінше, ол НАТО-ға мүше елдердің біріндегі ұйымдарға Ресейдің қауіпсіздігіне қарсы бағытталған көмектерді беріп, бұл үшін олардан ай сайын 30 мың доллар алып тұрған.
Саясаткер 2022 жылы қамауға алынып, оған қарсы «Ресей армиясы туралы жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұған оның Құрама Штаттардың Аризона штатындағы заң шығарушылардың алдында орыс билігін және Украинадағы соғысты сынаған сөздері себеп болған.
KAZAKBOL.COM