Ресей мемлекеттік думасына «хирургиялық әдіспен жыныс ауыстыруға толықтай тыйым салатын» заң жобасы түсті. Құжат «Денсаулық қорғау туралы», «Азаматтардың ахуалы жөніндегі актілер туралы» заңдарына тиісті түзету енгізуді қарастырады.
Мемлекеттік дума телеграм-арнасының хабарлауынша, заң жобасы авторлығына 400-ге тарта депутат кірген.
Заң жобасына сәйкес, трансгендерлік өзгеріске қатысты хирургиялық ота жасауға «бала жынысының қалыптасуы кезіндегі туабітті ауытқуларды емдеу» үшін ғана рұқсат беріледі. Ол үшін мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелеріндегі дәрігерлер комиссиясының тиісті шешімін алу керек.
Бұған қоса, заң жобасы ресми құжаттарда гендерлік маркерді ауыстыруға тыйым салады. Қазір мұндай гендерлік белгіні жыныс ауыстырғанын айғақтайтын құжат көрсету арқылы алуға болады.
Заң жобасының түсіндірмесінде Ресейде 2016-2022 жылдар аралығында жыныс ауыстыруына байланысты паспорт өзгерту жөнінде 2990 адам өтініш берген. Заң жобасы авторларының айтуынша, жыныс өзгерту және транссексуал туралы анықтаманы Ресейдегі көптеген жекеменшік клиникаларда «ешқандай кедергісіз» алуға болады.
«Заң не үшін қажет? Біз ұрпақтарға Ресейді оның мәдени және отбасы құндылықтарымен, дәстүрлі қағидаларымен жеткізіп, батыстың отбасыға қайшы идеологияларының дендеп енуіне тосқауыл қоямыз» деп мәлімдеді құжат авторларының бірі, депутат Петр Толстой.
Ресейде гомосексуал, бисексуал және трансгендер туралы жағымды ақпарат таратуға тыйым салынған. Заң бұзғандар азаматтар 400 мың рубльге, ал ұйымдар бес миллионға дейін айыппұл төлейді.
ЛГБТ+ өкілдерінің сауалнамаға қатысқан 83 пайызы Украинада соғыс басталғалы бері Ресей қоғамында гомофобия мен трансфобия әлдеқайда күшейгенін айтқан. Бұған қоса, ЛГБТ өкілдері алалау мен зорлыққа тап болған жағдайда полицияға сирек жүгінетін болған, өйткені олар мұнда да алалауға ұшыраймын ба деп қауіптенеді.
KAZAKBOL.COM