Шарын шатқалындағы қайғылы оқиғаға қатысты полиция екі қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Алматы облысы полициясының баспасөз қызметіне сүйенген Tengrinews агенттігі хабарлады.
Мамыр айының соңында Шарын шатқалында сел болып, екі адам опат болған. Құтқарушылар іздестіру жұмыстары кезінде 11 жасар қызды тапқан.
Полицияның хабарлауынша, «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауар шығару, сату не қызмет көрсету» бабы (306-бап, 3-тармағы) және «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамау» (141-бап, 2-тармағы) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары басталған.
306-бап бойынша, 4-8 жылға бас бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. 141-бап бойынша, ең ауыр жаза – бес жыл түрме жазасы.
Ақпаратқа қарағанда, Шарынға экскурсияны Алматыдағы N199 мектеп-гимназиясы оқушыларының ата-аналары ұйымдастырған. 2 маусымда олар қайғылы оқиғаға өздері мен мұғалімдерді кінәлі қылып шығара ма деп алаңдап, баспасөз жиынын өткізген. Қазақпараттың жазуынша, осы аптада полиция барлық ата-аналарды шақырып, тергей бастаған.
«Мұнда мектептің еш кінәсі жоқ. Экскурсияны ата-аналардың өздері ұйымдастырған. Балалар онлайн оқып, бір-бірін ұзақ уақыт көрмегендіктен оқудан кейін біраз демалсын деп ойлағанбыз. Бірақ мен өз баламды экскурсияға жіберген жоқпын, өйткені туыстарымызбен ол жақта бұған дейін де болғанбыз» деді ата-аналардың бірі.
29 мамыр күні шатқал аумағына қатты жаңбыр жауып, соңы батпақты селге ұласқан. Салдарынан екі адам (бір оқушы мен бір пән мұғалімі) қайтыс болған. Құтқарылған қыз осы селмен ағып кеткен. Алты адам зардап шеккен.
Шарын шатқалы – Алматы облысындағы бірегей табиғи аумақтардың бірі. Оны АҚШ-тағы Үлкен каньонмен жиі салыстырады. Алматы қаласынан 200 шақырымда орналасқан Шарын өзені бойымен 154 шақырымды алып жатыр. Шатқалға жыл он екі ай жүздеген адам барады. Танымал туристік нысан саналады.
KAZAKBOL.COM