Шымкентте төбелескен жастарды ажыратпақ болған ер азамат өзі пышаққа түсіп қайтыс болды. Қайғылы оқиға жұмадан сенбіге қараған түні орын алған деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қаладағы мейрамханалардың бірінде төбелескен жастарды ажыратпақ болған 34 жастағы Бағлан Белкешовті бұзақылардың бірі пышақтап, алған ауыр жарақатынан ол ауруханада көз жұмды.
ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, оқиға 8 сәуір күні түнгі сағат екілер шамасында Жібек Жолы көшесіндегі мейрамханада орын алған. Клиенттер арасында тұтанған жанжал соңы төбелеске ұласып, 1991 жылғы жігіт 1983 жылғы ер азаматтың мойын тұсына пышақ сұғып алыпты.
Жәбірленуші операция столында қайтыс болды. Полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстап, қамауға алған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Марқұмның туыстары болса ҚР ІІМ мен ОҚО ІІД басшыларына хат жазып, істің әділ тергелуін сұрап отыр. Өйткені, істі қарап жатқан қалалық полиция бөлімінің мамандары тергеуді баяулатып жіберген көрінеді.
Шағымданушылардың айтуынша, Бағлан төбелескен екі топты ажыратқысы келген екен. Алайда, бұзақылардың бірі оның мойын тұсына пышақ ұрып, қан тамырын жарып жіберіпті. Күдіктіні Бағланның достары ұстап, полицейлерге тапсырған.
KAZAKBOL.COM