Көрнекі фото: ekaterinalarionova.com
Бүгінде қарапайым отбасынан шыққан Ержан Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бірін бітірген. Студенттік шағында Шымкент қаласының бір қызына құлай ғашық болып қалған көрінеді.
«Айнұр, менен бір курс жоғары оқитын. Бірақ, екеуіміз де жатақханада тұрдық. Екі жыл дос болып араластық. Бір күні біз топтың туған күнін тойлауды ұйғардық. Мен сол кешке ойланбастан Айнұрды шақырдым. Оған өзімнің сүйетінімді айттым. Ол да қарсылық танытпай, бірден келісімін берді. Осылайша, екеуіміздің қарым-қатынасымыз жақындай түсті», — дейді Ержан.
Қос ғашықтың ортасында тұтанған сезім, өрши түспесе өшкен емес. Бойжеткен жоғары оқу орнын тәмамдап, жігіттің соңғы бір жылы қалғанда екі жас шаңырақ көтеруді жоспарлайды. Сөйтіп, Алматыға қос ата-ананы бір-бірімен таныстыруға шақырады.
«Алғашында әкем үйленуіме қарсы болды. Әлі жассың. Оның үстіне, оқуыңды да бітірген жоқсың деген уәж айтты. Не керек, ол кісіні анам көндірген екен. Сөйтіп, екі жақ та Алматыға келді. Бірақ, Айнұрдың тұрмысқа шыққалы жүргенін ата-анасы білмейтін. Оның анасының мінезі ауыр болғандықтан, барлығын келген соң түсіндіреміз деп шештік. Ақыры кездестірдік. Сол сәтте, бірден Айнұр жақ шарт қойды. Ал қойған талабы ата-анамды есеңгіретіп тастады», — дейді Ержан.
Шыны керек, ауыл баласының тойдан бөлек қалындығының жақындарына апаратын шамамен екі млн теңгені қалтасы көтермеген. Өйткені, бүтіндей бір отбасы әкесінің тапқанын ғана талғаждау етіп отырған.
«Ауылда белгілі ғой, көбі малмен ғана отыр. Оның жылдағы төлін сатып менің қажетіме беретін. Қорада тұрған төрт-түлік те көп емес еді. Ал әкемнің жалғыз тапқан айлығын қайда жеткіземіз? Сондықтан анасының қойған талабы ауыр соққы болды. Оларға, қалың мал мен тоймалын беретінімізді ашық айттық. Тіпті, шама келгенше киітті де апаруға уәде бердік. Әйтсе де, анасы 11 апайына алтын тағуды, 13 адамға қымбат жағалы киім кидіруді бұйырды. Ал ана сүті мен әке күшіне 300 мың теңге, қыздарын оқытқаны үшін тағы да осындай ақша сұрады. Бізге онысыз, табалдырығымды аттамаңдар деген шарт қойды. Менің әкем, бірден қалтасының көтермейтіндігін айтып, екі баланың бақытын байламауды өтінді. Олар, оған көнбей Айнұрды Шымкентке алып кетіп қалды», — деді кейіпкер.
Ержан сол бір сәттерді ауыр күрсініспен еске алды. Айнұр, кеткеннен кейін өмірге деген құлшынысым құрығандай болды, дейді. Сабақтан себепсіз қалуы көбейген.
«Айнұрдың жылап тұрғаны көз алдымнан кетпей қиналдым. Оны, біздің алдымызда сүйреп әкетті. Шын сүйсе келеді деп. Менің ата-анам бір-бірімізді қатты жақсы көретінімізді бірден сезіді. Ауылға қайтып оқиғаны нағашы ата мен әжеме баяндап беріпті. Мен оларды келеді деп күтпеген едім. Көп ұзамай алып ұшып екеуі Алматыға жетті. Мені ертіп, үшеуіміз Шымкентке жол тарттық. Үйлеріне барғанда, атам басындағы қалпағын босағаларына лақтырып, мың жылдық құда болуды сұрады. Алайда анасы «мен айтқан талапты орындасаңдар дайынмын, егер жоқ десеңдер, есік әне» деді. Әкесі, қалпақты көтеріп атамның басына кигізді. Ақсақал, далада шашылып жатқан қызым жоқ деп. Солай ол жақтан да құр қайттық. Атамның ұсынған 700 мың теңгесін де азсынды. Оның өзін әкем несиеге алған екен. Мұны мен білмеймін», — дейді Ержан.
Осы оқиғадан тура алты жыл өтсе де Айнұр да, Ержан да шаңырақ көтермеген. Екеуі де екі жақта мұғалімдік қызметте. Әлі күнге дейін бір-бірімен күнде қоңырау шалып араласып тұратын көрінеді. Енді, кейіпкердің ата-анасы қосылуларына қарсы екен. Олар, қайтадан қол сұрап барғысы келмейтін сыңайлы. Сондықтан, азамат ата-аналардан ескі салтқа бола балаларының бақытын байламауды өтінеді.
KAZAKBOL.COM