Қазақстанда 30 жылға жуық жұмыс істеген Сорос-Қазақстан қоры азаматтық бастамаларды қаржыландыруды тоқтатады. Қор атауын өзгертіп, қызметін Орталық Азиядағы мәселелерді шешуге арналған зерттеулерге бағыттайды.
Сорос-Қазақстан қорының бұрынғы төрағасы Аида Айдарқұлова 4 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында қордың атауы CAPS Unlock (Central Asian Policy Studies) болып өзгергенін хабарлады.
– Кейінгі 3-4 жылда [әлемде] көп өзгеріс болды. Біздің қорымыз да осы өзгерістерге бейімделіп жатыр деуге болады. Әуелі Совет Одағы құлағаннан кейін одан шыққан елдерде ашық қоғам құруға жәрдемдесуді көздеді. Бұдан былай басқару моделі, қаражат бөлуі, жұмыс стратегиясы өзгереді. Енді ашық қоғам құру миссиясын сараптамалық қауымдастықты қолдау арқылы жүргіземіз, – деді бұдан былай CAPS Unlock ұйымының тең төрайымы болатын Аида Айдарқұлова.
Оның айтуынша, Сорос қоры тек Қазақстаннан емес, дүниежүзінің көп аймағынан кеткен.
– Шығыс Азияда, Еуропада, тіпті Африкада да қордың бағыты өзгерді. Ең көп ел орналасқан Африкада бір кеңсе қалғаны бізді ойландырып тастады, – деді Айдарқұлова.
CAPS Unlock ұйымы әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, цифрлық демократия, білім беру, климаттың өзгеруі, Орталық Азияның геосаяси және геоэкономикалық келбеті секілді салаларды қамтымақшы. Сонымен бірге диалог алаңын дамыту, сапалы зерттеулер жүргізу және ұсыныс дайындау, аймақтағы сараптамалық қауымдастықты нығайту миссиясын да қатар орындамақ.
«Қолданбалы зерттеулер, ұсыныстар кризис және посткризис кезеңіндегі проблемаларды шешудің ең жақсы жолын табуға бағытталады. Пандемия, соғыс және басқа да факторлардың ықпалымен болған жаһандық дағдарыс халықтың өмір сапасына да әсер ететіні сөзсіз. Ұйым ең әуелі халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобының мәселесін шешуге арналған зерттеулерге басымдық береді» делінген ұйым таратқан ақпаратта.
Ұйымның қамқоршылық кеңесінде Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және Тәжікстаннан сарапшылар бар. Олар: КИМЭП университеті білім беру және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Жұлдыз Смағұлова, Орталық Азия университеті «Азаматтық қоғам бастамалары» орталығының бас ғылыми қызметкері Медет Төлегенов, Center for Economic Development директоры Юлий Юсупов және «Зеркало» қоғамдық қорының директоры Гүлнора Бекназарова.
Сорос-Қазақстан қоры 1995 жылдан бері Қазақстанда адам құқығын қорғауға және заң үстемдігі қағидаларын дамытуға, бюджеттің ашықтығы мен есептілігіне және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландырып келді. Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарға 100 миллион доллардан астам грант бөлген.
Қор Қазақстан билігінің қысымына жиі ұшырады. Мемлекеттік ұйымдардың қысымы әсіресе ұйымның негізін қалаушы, Ашық қоғам институтының төрағасы Джордж Сорос Грузиядағы, Украинадағы саяси өзгерістерді қолдайтынын ашық мәлімдегеннен кейін күшейе түскен.
2000-жылдардың басында билікшіл басылымдар Сорос-Қазақстан қорын «азаматтық қоғамды желеу етіп, елдің ішкі ісіне араласатын пиғылы теріс» халықаралық ұйымдар қатарына қосқан.
Мұны сарапшылар «Қазақстан билігі осы арқылы Батыстың жағымсыз бейнесін қалыптастырғысы келеді» деп бағалаған.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та, қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та беймәлім сыртқы күштердің Қазақстанға қаупі туралы жиі айтады. Қаңтар оқиғасынан кейінгі жолдауында Тоқаев «шетел тапсырысымен Қазақстанға қарсы жұмыс істейтіндер» деп, ешкімді нақты атамай, сынап сөйлеген.
Биыл наурызда қаржы министрлігі шетелден қаржы алатын ұйымдарды жариялау туралы құжатқа қол қойды. Бұдан былай шетелден қаржы немесе қандай да бір мүлік алған азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке деректері мемлекеттік кірістер департаментінің сайтында жарты жыл сайын ашық жарияланады. Билік осылайша халықтың мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдарға сенімін арттыратынын мәлімдеген. Алайда сарапшылар мұны азаматтық қоғамға қысым деп бағалаған.
KAZAKBOL.COM