Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР!

KAZAKBOL.COM

Қаншама  жыл өтсе де, көп ауылда әлі су жоқ. 18 жылдың ішінде екі бірдей бағдарлама қабылданды. Бөлінген ақша  1 триллион теңгеден асады.  Алайда,  екі жарым миллион тұрғынның  әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырғаны қалай?! Миллион, миллиард емес, триллионның сұрауы кімнен? Әлде сумен бірге құмға сіңді ме?   Бұған қоса ел аумағында ішуге жарамды деген тек 5 су қоймасы ғана қалғанын айта кетейік. Үнемдемесек, бар судың өзіне зар боп қалуымыз мүмкін.  Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бүгін Сенатта өткен «Қазақстанның су қауіпсіздігі, жай-күйі» талқыланған парламенттік тыңдауға министрліктердің өкілдерінен бастап, мәселесі біржақты шешілмей келе жатқан облыстардың басшылары түгел қатысты. Судың да сұрауы бар екенін білеміз. Бірақ, соны біле тұра бейжай қарап, ысырап жасайтындардың саны көбейген.

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА, РЕПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
«Сметалық құжаттардың құнын көтеру фактілері тіркелген. Тексерілген 10 су шаруашылық объектінде сметаны 5,5 миллиард теңгеге аспандатып жіберген. Мұндай сомаға 600 орындық 5 мектеп салуға болады ғой. Мемлекеттік аудиттің аясында Су ресурсы комитеті бюджеттің 2 млрд 500 миллион теңгесін шығындаған. Бұған дұрыс жоспарламаудың кесірінен мемлекеттің ресурсынан кеткен 26,6 млрд теңгені қосыңыз».

Отырыста сөз алған сенатор Қайрат Қожамжаров еліміз су тапшылығын тартып отырған 68 мемлекеттің ішіне кіргенін айтты. Жерасты сулары ол зерттелмей жатыр екен. Осы және өзге мәселелер бір төбе, ал осы проблемаларды шешу үшін жұмсалған сомалар сусып, ізім-ғайым жоғалып жатқаны тағы бар.

ҚАЙРАТ ҚОЖАМЖАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ
«Қарағанды облысында «Жәйрем-Қаражал» топтық су құбырының тартылып жатқанына 10 жыл болды. Алайда жобалаудың дұрыс болмай, құрылыстың сапасыз жүргізілуіне байланысты ол пайдалануға берілмеген. Оның үстіне нысанның құрылысы 830 млн теңгеден 6,7 млрд теңгеге дейін, яғни 8 есе қымбаттаған. Мұндай жағдайлар басқа өңірлерде тіркелген. Мысалы, Павлодар облысында 5,5 млрд теңге, Түркістан өңірінде 1,5 млрд теңге, Жамбыл облысында 550 млн теңге».

Соңғы 18 жылда елді ауыз сумен қамту үшін екі бірдей бағдарлама қабылданған. Оларды іске асыруға 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Осы жоба, қала халқын 100 пайыз, ауыл халқын 80 пайыз таза сумен қамту керек еді. Мәселе осында. Керек еді.

МҰРАТ БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
«Жерасты суларын қорларын дұрыс бағаламай трубаларды салып тастайды. Енді су алайын десе оның қоры жетпейді. Бұл бір бөлек. Екіншісі, бөлінген қаржыларды дұрыс пайдаланбау, тиімді пайдаланбау, ысырапшылдыққа салу. Бұл үлкен мәселе. Мұны тиісті органдар тексере берер. Көп жағдайда бөлінген қаржыларды тиімсіз жұмсалуы адами фактор есебінде мен көремін».

Көктем келсе болды қызыл судың зардабын бір кісідей тартатын өңірлер көп. Бұл жылда қайталанатын оқиға. Есеп бойынша еліміздің 35 пайыздан астам елді мекенінде қауіпсіздік шаралары жасалмаған. Бұл бағытқа азды-кем  100 млрд тенге бөлінген. Ішкі істер министрінің орынбасары уақылы алдын алу шараларын жасамай отырған облыстардың атын атаймыз деп бекініп отыр.

ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«2017 жылдан бері су басу қаупін алдын алу үшін  арнайы жол картасы әзірленді. Дегенмен, 1055 елді мекеннің тек 692-і ғана қауіпсіз деп танылды. Бұл 65 пайызды құрап отыр. Көктемде қызыл су халықтың мазасын қашырмас үшін қазірден комиссия құрылды. Дер кезінде шара қолданбай жатқан әкімдіктер жайында айтатын боламыз».

Сенат отырысында Дариға Назарбаева айтылған мәселелерге қатысты әртүрлі органдардың жауапты екенін алға тартып, Үкіметке су ресурсын сақтап қалуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді және арнайы органды жасақтауды тапсырды.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Бұл күні суға жауап беретін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өте көп. Мұны реттеу керек деп есептеймін. Екі тыңдалымда да біз бұл саланы реттейтін су және су қауіпсіздігі үшін жауап беретін арнайы орган қажет екені жайында айттық. Бұл мәселе күн тәртібінде қала береді».

Су қауіпсіздігі саласына салғырт қарап, миллиардаған қаражатты талан таражға салғандар ара-тұра болмаса әлі күнге анықталып, түрмеге қамалып, жауапкершілікке тартылмай келеді. Сенаторлар бұл үрдісті біржақты қылатын уақыт келді, дейді.

Первый канал Евразия

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM