Түркіменстан үкіметінің мемлекетке тапсырған мақта үшін диқандарға ақша төлеуге шамасы жоқ. Бұл туралы Азаттықтың түркімен қызметінің Лебап облысындағы тілшісі хабарлады.
Оның сөзінше, Фарап ауданында мемлекеттен жалға жер алып мақта еккен диқандар 20 тамыздан бастап үкіметке мақта тапсыра бастаған. Олар мақта теруге адамдар жалдап, еңбек ақыларын он күн сайын төлеп тұрған. Бірақ соңғы күндері мемлекет тараптан ақша берілмей жатқандықтан, жұмысшыларға ақша төле алмай қалған.
Түркіменстанда мемлекеттен жалға жер алып мақта еккен диқандар үкіметке жиналған мақтаның бәрін өткізуге міндетті. Бұл үшін мемлекет оларға 1 келі үшін 0,12 доллар ақша төлейді.
Әлемдік биржаларда мақтаның бағасы жоғары. Business Insider сайтының мәліметіне қарағанда, 16 қыркүйекте әлемдік нарықта мақтаның бір келісі 2,09 долларға бағаланған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары түркімен билігін халқын мәжбүрлеп мақта теруге шығарады деп сынап келген.
Биыл Түркіменстан 1 миллион 250 мың тонна мақта жинауды жоспарлап отыр.
KAZAKBOL.COM