Түркіменстанда 18 әскери қызметкер, соның ішінде екі офицер белгісіз жағдайда қаза тапты. Бұл жөнінде Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.
Марқұмдардың туыстарына олар Ашғабат түбінде болған көлік апатынан опат болды деп айтылған, дегенмен Азатлық дереккөздері бұған күмән келтіреді және оқиғаға Ауғанстандағы жағдайдың қатысы болуы мүмкін деп болжайды.
18 шілдеде түн ішінде Лебап ауданындағы туыстарына алты әскери қызметкердің мәйіті жеткізілген. Бұл ақпаратты Азатлық дереккөздері растады. Бұған қоса Азатлықтың Лебап уәләятындағы тілшісі әскерилердің ауылдарында 19 шілдеде жаназа оқылғанының куәсі болған.
Мәйіттер жабық табытқа салынып, Лебапқа «КамАЗ» көлігімен жеткізілген. Түн жарымында оларды туыстарына апару үшін Түркменабад маңында әскери көліктерге тиеген.
Мәйіттерді тапсырған кезде марқұмдар Ашғабат түбінде болған жол апатынан мерт болды деп түсіндірілген әрі табытты ашпауды ескерткен.
Солдатты жерлеуге қатысқандардың айтуынша, Марыға қарай кетіп бара жатқан әскери колоннадағы алты көлік апатқа ұшырап, онда болған әскерилер мерт болған. Бірақ бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау мүмкін болмады. Орталық Азиядағы ең жабық елдің бірі саналатын Түркіменстан басшылығы журналистерге көп ақпарат бермейді.
Мәйіттер Лебапқа Ашғабаттан емес, Ауғанстанмен көршілес Марыдан жіберілген, онда түркімен-ауған шекарасын күзететін Серхетабад және Тахтабазар шекара заставалары орналасқан. Көршілес Ауғанстанда «Талибан» радикал қозғалысы біраз аймақты басып алғалы бері Түркіменстанның түкпір-түкпірінен шекараға әскери күштер мен техника жеткізіліп жатыр.
Түркіменстан қорғаныс министрлігіне жақын дереккөздің хабарлауынша, қаза тапқан 18 адамның біреуі майор, екіншісі аға лейтенант шенінде болған.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ауғанстанның жүздеген адамы, соның ішінде әскерилер, полицейлер және бейбіт тұрғындар Орталық Азиядағы көрші елдерге, соның ішінде Тәжікстанға өтіп кеткен.
5 шілдеде Тәжікстанның шекара қызметі 24 сағат ішінде Тәжікстан аумағына 1 мыңдай ауған солдаты өткенін хабарлады.
Америка Құрама Штаттары Ауғанстандағы әскерін биылғы 31 тамызға дейін түгел алып кететінін айтқан. Осы айдың басында АҚШ әскері Ауғанстандағы ең ірі әскери база – Кабулдың солтүстігіндегі Баграмды босатты.
KAZAKBOL.COM