Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов 21 қыркүйекте БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына видео үндеу жолдады.
21-27 қыркүйек аралығында БҰҰ-ның штаб пәтері Нью Йоркте Бас ассамблеяның 76-сессиясы өтіп жатыр.
Бірқатар елдердің лидерлері алдын ала жазылған видео үндеу жолдаған.
Түркіменстан президенті видео үндеуінде Ауғанстандағы жағдай мен коронавирус пандемиясымен күрес мәселесін көтерген.
Ол сөзінде елінде бірде-бір адамнан коронавирус анықталмағанын қайталап, бірақ әлемде пандемиямен күрес жеткіліксіз жүріп жатыр деген.
Ауғанстандағы жағдайға қатысты Түркіменстан бұл елге гуманитарлық көмек көрсетеді деп атап өткен. Ол Ауғанстанға байланысты барлық фобиялар мен ескі көзқарастарды, ескірген реніштерді алып тастап, жаңа шешім іздеу керек деген.
Бірер күн бұрын ғана бірқатар ресейлік БАҚ түркімен президенті «комаға түсіп қалды» деген ақпарат таратқан. Бірақ артынша Мәскеудегі түркімен елшілігі бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді.
KAZAKBOL.COM