Түркімен билігі мыңдаған жұмысшы мен студентті 7 сәуір Дүниежүзілік денсаулық күніне орай ұйымдастырылатын жалпыұлттық шараларға, соның ішінде жаппай веложарысқа қатысуға мәжбүрлеп жатыр. Азаматтар мемлекеттік мерекеге арналған киімдер мен спорт заттарын өз ақшасына сатып алады.
Ірі веложарыс президент Сердар Бердымұхамедов пен басқа да лауазымы жоғары шенеуніктердің қатысуымен Ашғабат қаласында өтеді. Веложарыс елдің басқа да аймақтарында ұйымдастырылады. Денсаулық күні қарсаңында мыңдаған мемлекеттік қызметкер мен студент жұмыс пен оқудан босатылды. Олар жалпыұлттық науқанға дайындалып жүр.
26 наурызда Түркіменбашы қаласына Батыс Балқан уәлаятынан 1200-ге жуық жұмысшы келді.
Жергілікті дереккөздердің хабарлауынша, мемлекеттік қызметкерлерге студенттер тобы қосылды. Олар Аваза қаласында өтетін веложарысқа қатысады. Дереккөздердің айтуынша, олардың арасында дәрігерлер, ұстаздар, полиция, аудандық сот пен прокуратура қызметкерлері бар. Билік әрбір ұйымға үш адамнан 10 адамға дейін велосипедші жіберуге міндеттеген.
Жарысты ұйымдастырушылар оларға арнайы киім, велосипед бермейді. Билік жарысқа қажетті қаражатты жұмысшылардың өздерінен жинап жатыр.
«Ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде мектеп директоры да ақша өткізбегендер жұмыстан шығатынын ескерткен», — дейді Балқан уәлаяты Берекет қаласындағы бір ұстаз.
Оның айтуынша әрбір велосипедшіге шамамен 1700 доллар жинау қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні — Түркіменстанда мемлекеттік мереке. Бұған дейінгі президент Гурбангұлы Бердымұхамедов велосипед тепкен, атқа мінген, баскетбол ойнаған, спортзалда жаттыққан.
2020 жылы Түркіменстанда әлемдегі ең үлкен велосипед ескерткіші орнатылды. Түркіменстан велосипед спорты бойынша сабаққа 3246 адам жиналғаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.
KAZAKBOL.COM