Түркия орыс газы үшін төлемдерді атқаруды келесі жылға дейін шегеруі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі түркиялық дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, Ресейдің «Газпром» компаниясы төлем мерзімін шегеруге келіскен сома 4 млрд долларға жетеді. Оның ішінде 600 млн долларды төлеу 2024 жылға дейін шегерілген.
Түркияның энергетика министрі Фатих Донмез мамырдың басында «Газпроммен» келісімге келгенін мәлімдеген.
Түркия газ импортының 39% Ресейден алады. Орыс әскері Украинаға басып кіргеннен кейін әлемде газ бағасы қымбаттады. Бұдан бөлек Түркия экономикасында 2019 жылдан бері тұрақсыздық бар. 2021 жылы Түркияда инфляция 36%, 2022 жылы 80% асты.
14 мамырда Түркияда президент сайлауы өтеді. Әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, елдің қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоған бұл сайлауда жеңіліп қалуы мүмкін.
Түркия – Украинаға шабуыл жасағаны үшін Ресейге енгізілген санкцияларға қосылмаған әлемдегі санаулы елдердің бірі. Сонымен бірге Анкара Киевке гуманитарлық және әскери көмек беріп, соғысты тоқтату бойынша келіссөздерге араағайын болып келеді.
KAZAKBOL.COM