Ауғанстанның Тәжікстанмен шекарасының шамамен үштен екісіне бақылау орнатқан «Талибан» қозғалысы көрші елдерге қауіп төндірмеуге уәде берді.
Алайда, Азаттық радиосының тәжік қызметінің мәліметі бойынша, ауған-тәжік шекарасының бір бөлігін қорғауды тәліптер Тәжікстанда тыйым салынған «Ансоруллах» тобына тапсырған. Топты осы аймақта этникалық тәжік Махди Арсалон (Мұхаммад Шарипов/Шарифов) басқарады. Осы топтың көптеген содыры Тәжікстанда халықаралық іздеуге берілген.
Ауғанстанның солтүстігіндегі оқиғалардың бір куәгері журналистерге Тәжікстанмен шекарада басып алынған бір әкімшілік ғимаратқа «Талибан» қозғалысының туын 26 жастағы тәжік тәлібі Махди Арсалон көтергенін айтты. Азаттық радиосының мәліметі бойынша, Махди Арсалон қазір «Ансоррулах» тобының аймақтағы жетекшісі. Ол бес ауған уезін: Куфоб, Шикай, Нусай, Маймай және Хохон аймақтарындағы жағдайды бақылайды. Бұл уездер Тәжікстанның Дарвоз және Шамсиддин Шохин аудандарымен шектеседі. Екі елді Пяндж өзені ғана бөліп тұр. Содырлар түсірген видеолардың бірінде уезді жаулап алуға қатысқан ондаған адам Тәжікстанның бір аймағындағы диалектімен сөйлеген.
Махди Арсалон – Тәжікстанның шығысындағы Нурабад ауданына қарасты Шербегиен ауылында туған Шариповтің лақап аты. Тәжік арнайы қызметінің мәліметі бойынша, жеті жыл бұрын ол «Ансоруллах» тобына қосылған. Оның әкесі Мирходжа Шарипов «Ансоруллах» тобының алғашқы жетекшісі Амриддин Табаровтың жақтасы болған. Шариповтің бір қарындасы топтың негізін қалаушының ұлдарының біріне үйленген.
«Ансоруллах» – Тәжікстаннан шыққандар негізін қалаған жалғыз террористік ұйым. Ол 1992-199 жылдары Тәжікстанда болған азамат соғысы аяқталғаннан кейін Пәкістанда құрылған. Оның негізін қалаған Амриддин Табаров Біріккен тәжік оппозициясының бұрынғы дала командирі. Тәжікстанда бейбіт келісім шарттарына көнбеген бірлестік содырлары осы топқа қосылған. 2009 жылы Амриддин Табаровтың екі ұлын америкалық әскерилер ұстап, Баграмдағы әскери түрмеге отырғызды. 2019 жылы олар Ауғанстаннан Тәжікстанға экстрадицияланды. Амриддин Табаров, Тәжікстан ІІМ мәліметі бойынша, 2016 жылы Ауғанстандағы әскери операция кезінде өлтірілген.
Мирходжа Шарипов пен оның ұлдарының бірі 2011 жылы тәжік арнайы қызметінің операциясы барысында опат болды, ал Мұхаммад Шарипов топта «мансапқа» жетті.
«Мұхаммад Шариповті біз өте қауіпті әрі қатыгез содыр деп есептейміз. Біз оның бомба жасай алатынын, қарудың барлық түрін меңгергенін, шағын топқа жетекшілік ететінін білеміз», — дейді Тәжікстан күш құрылымдарындағы бір дереккөз Азаттық радиосы тәжік қызметінің журналисіне.
Өткен аптада Тәжікстанда ел тарихында алғаш рет әскер дабылмен оянды, елдегі бүкіл қарулы күштің дайындығы пысықталды. Оған запастағы шамамен 130 мың офицер мен сарбаз, сонымен бірге әскерилер мен құқық қорғау органдарының жүз мыңнан астам қызметкері қатысты. Тәжікстан Ресейден және Ұжымдық қауіпсіздік келісім шартына мүше елдерден Ауғанстанмен шекарасын қорғауға көмектесуін сұрады.
KAZAKBOL.COM