Тәжікстан азаматы Әлижон Рахмонов Ресейден 100 жылға депортацияланды. Сот үкімінің көшірмесін мигрант құқығын қорғаушы Кәрімжон Ёров жариялады.
Құжатқа сәйкес, 26 жастағы тәжік мигранты 2023 жылғы 3 сәуірден 2123 жылға дейін Ресейге кіруге тыйым салынған. Шектеу мерзімі аяқталған уақытта Рахмонов 126 жаста болады.
Ресей тарапының сот үкіміне қатысты жауабын есту мүмкін болмады. «Сот Әлижонды Ресейде жүріп-тұру тәртібін бұзды деп таныды», — дейді адам құқықтарын қорғаушы Ёров. Оның айтуынша, бұның алдында тағы бір тәжік азаматы Ресейден 99 жылға дейін депортацияланған, бірақ 100 жылдық шектеу Ресей соты тәжірибесінде алғаш рет кезігіп отыр.
Кейінгі бірнеше жылда 200 мыңнан аса тәжік мигранты Ресейден депортацияланған. Әдетте федерация аумағына кіруге тыйым мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта белгіленеді.
KAZAKBOL.COM