Тәжікстандағы азаматтық белсенді Ульфатхоним Мамадшоеваға билікті құлатуға үндеді деген айып тағылды. Озоди радиосының дереккөздері осылай деп хабарлады.
Бұның алдында Тәжікстан ішкі істер министрлігі Ульфатхоним Мамадшоева мен оның бұрынғы күйеуі Холбаш Холбашовты Таулы Бадахшандағы тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айыптаған.
Мамадшоеваны 18 мамырда Душанбеде Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мен Бас прокуратура қызметкерлері ұстаған. Холбашовтің қайда екені әзірге белгісіз.
Озоди радиосы дереккөздерінің 19 мамырда хабарлауынша, Ульфатхоним Мамадшоеваның үстінен «Тәжікстанның конституциялық құрылымын күшпен құлатуға үндеді» деген айыппен қылмыстық іс қозғаған. Ол сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Белсендінің адвокаты қылмыстық іске қатысты мәлімет таратпау жөнінде қолхат бергенін айтып, Озоди радиосымен сөйлесуден бас тартты.
Тәжікстан ішкі істер министрлігінің 19 мамырда хабарлауынша, Таулы Бадахшандағы «террористік топтардың мүшелеріне экстремистік террористік ұйымның іздеудегі мүшесі Әлім Шерзамонов пен оның сыбайластары Холбаш Холбашов пен Ульфатхоним Мамадшоева қару-жарақ жеткізіп, оларды қаржыландырған».
18 мамырда “Pamir Daily News” сайты Холбаш Холбашов Соғды облысында ұсталды деп хабарлады. Ол туралы басқа мәлімет жоқ.
KAZAKBOL.COM