Тәжікстан 2022 жылы 21 млрд киловатт-сағат электр қуатын өндірді. Бұл — республиканың энергетика тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Энергетика және су ресурстары жөніндегі министр Дәлер Жұманың мәлімдеуінше, былтыр шамамен 21,4 млрд. кВт/с электр қуаты өндірілді. Бұл — 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 775,7 млн кВт/с-қа немесе 3,8%-ға көп.
Соған қарамастан аймақтардағы елді мекендер неге түнде жарықсыз отыр деген сауалға министр нақты жауап бермеді.
Тәжікстанда ауа райы күрт суытқан уақытта аймақтардан жарық қайта-қайта сөніп қалып жатқаны туралы арыздар көп түсті. Соғды және Хатлон облыстарының, сонымен бірге республикаға тікелей қарайтын аудандардың тұрғындары түнде жарықсыз отыруға мәжбүр екенін айтты.
Дәлер Жұма аязды күндері электр станцияларында апат жиі болып тұрады дейді. Алайда министр нақты қанша апат болғанын айтпады.
«Жақында тағы күн суытады. Біз қазір халықты электр қуатымен толық қамтамасыз етуге дайындалып жатырмыз», — дейді шенеунік.
KAZAKBOL.COM