Тәжікстанда Есеп палатасының аудиторлары мемлекеттік «Амонатбанк» 200 млн сомони (20 млн доллар) көлемінде қаржылай шығын келтірді деп мәлімдеді.
«Амонатбанк» басшылығы болса, бұл несие алып, уақытында қайтармаған клиенттердің кесірінен дейді. Ал сарапшылар банктер несиені әдетте таныстарына беру тәжірибесін әдетке айналдырған деп есептейді.
Есеп палатасының басшысы Карахон Чиллазода мемлекеттік банкті тексеру кезінде қаржылық жетіспеушілік анықталғанын мәлімдеген.
«Біз тексеру жүргізіп, 18 істі бас прокуратураға жібергенбіз. Нәтижесінде ақшаның 50 проценті қайтарылған. Бұл қаражаттың дені айыппұл бойынша өсім», — деген Чиллазода.
Ал «Амонатбанктің» төрағасы Сирожиддин Икроми Есеп палатасына «проблемалық қарыз» құжаттарын өзіміз жібердік дейді.
«Бізді алдын ала тексерусіз несие берді деп айыптап жатыр. Бірақ кез-келген қаржы-экономикалық дағдарысы алдымен банктерге әсер етеді. Борышкерлер ақшаны уақытында қайтармай жатады»,- дейді Икроми.
Экономикалық сарапшы Пайрав Чоршанбиевтің пікірінше, банк қызметкерлері несие беруде талаптарды толық орындай бермейді.
«Банктер несиені төлеу қабылетін тексерместен, достарына, таныстарына береді. Кепілдікке қойылатын мүлікті де тексермейді. Бұл банк қызметкерлерінің кінәсі», — дейді Чоршанбиев.
Былтыр Есеп палатасы «Амонатбанк» 41 млн сомони көлемінде қаржылай шығын келтірді деп мәлімдеген. Бұл қаражат банктен 2018-2019 жылдары алынған.
KAZAKBOL.COM