Душанбенің «Талибан» қозғалысына қатысты ұстанымы өзгерген жоқ. Осылай деп Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сирожиддин Мухриддин мәлімдеді.
Тәжікстан билігі Ауғанстанда жергілікті тәжіктер «билікке араласа алатын» инклюзивті үкімет құру керек екенін айтып келеді. Тәліптер Душанбенің мұндай пікіріне жауап беріп, тәжік билігін Ауғанстанның ішкі істеріне араласпауға шақырған.
«Бүгін әлемдік қауымдастық да Ауғанстанда инклюзивті үкімет құру керек екенін айтып жатыр. «Талибан» осы бағытты таңдауы тиіс. Тәліптер Ауғанстанда адам құқықтары мен еркіндіктері сақталып жатқанын іс жүзінде көрсетуі тиіс»,- деді Мухриддин.
Министр бұдан бөлек «қауіпсіздік мәселесіне байланысты» Тәжікстан Ауғанстанмен шекараны толық аша алмайтынын жеткізді. Бірақ электр энергиясын және гуманитарлық жәрдем беруді жалғастыра беретінін айтты.
Тәжік билігінің мәліметінше, қазір тәжік-ауған шекарасында 15 мыңнан астам босқын бар.
KAZAKBOL.COM