«Журналистерді қорғау комитеті» халықаралық үкіметтік емес ұйымы Тәжікстанды БАҚ өкілдері ең көп сотталған әлемдегі 12 елдің ішіне енгізді.
14 желтоқсанда жариялаған баяндамасында биыл алты тәжік журналисінің ұзақ мерзімге сотталғаны айтылған. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Баяндама авторлары сот процесі сот залында емес, тергеу абақтысында, жабық есік жағдайында өткенін атап өткен.
Тәжік журналистері және блогерлер Далер Имомали, Абдулло Гурбати, Завкибеки Саидамини, Ульфатхоним Мамадшоева, Мухаммади Султон және Хушруз Джумаев әртүрлі мерзімге түрме жазасына кесілді. Олардың көбіне жалған ақпарат таратты, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың жұмысына араласты деген айыптар тағылған.
Халықарлық ұйымдар Тәжікстан билігін журналистерді тез арада босатуға шақырған.
«Журналистерді қорғау комитетінің» мәліметінше, биыл 363 тілші кәсіби қызметі үшін бас бостандығынан айырылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20% өскен. Қамауға алынған журналистердің дені Иран, Қытай, Мьянма, Түркия және Беларусь елдерінен.
«Журналистердің рекордты деңгейде түрмеде отыруы — бұл әлемдегі демократиядағы жара екенін көрсететін дағдарыс», — деп атап өтті комитет президенті Джоди Гинзберг.
«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымдардың мәліметінше, 2022 жылы әлемде 533 журналист ұсталған. Олардың 78-і әйел. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30% көп.
Қытайда 110 журналист, Мьянмада 62, Иранда 47, Вьетнамда 39 және Беларусьта 32 журналист түрмеде отыр.
KAZAKBOL.COM