Тәжікстанда ұн қымбаттап барады. 13 мамырда бір қап ұнның бағасы 320-330 сомониден 350 сомониге ($25-28) көтерілген, ал қазақстандық ұн 380 сомониден сатылып жатыр.
Республикада ұн соңғы екі айда осымен екінші мәрте қымбаттады. Наурыз айында бір қап ұн бағасы 270-280-нен 290-325 сомониге өскен.
Тәжікстанда ұн азық-түліктің аса қажетті түріне жатады. Оның қымбаттауы халыққа ауыр тиіп отыр.
Тәжікстан астықты негізінен Қазақстаннан импорттайды. Ресейден де сатып алады. Сәуір айында Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі астық пен ұнды шетелге шығаруға тыйым салды. Тәжікстан монополияға қарсы күрес қызметі ұнның қымбаттауы қазақ билігінің осы шешіміне байланысты екенін мәлімдеді. «Қазақстан астығының бір тоннасы 365-385 долларға дейін көтерілді. Уақытша шектеу енгізілді, бірақ бағаға Ресей мен Украина арасындағы жағдай да әсер етіп отырғанын ұмытпау керек», — дейді Озоди радиосының дереккөзі.
Саудагерлердің айтуынша, қазір дүкендерде отандық ұн ғана сатылып жатыр. «Қазақстандық ұн бізде жоқ. Оның бағасы да қымбат — 380 сомони. Өзіміздің ұн бұрын 335 сомони болған, қазіргі бағасы 350 сомони», — дейді саудагерлердің бірі.
Билік мәліметінше, Тәжікстан тұрғындары жылына 700 мың тонна ұн тұтынады. Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстан Қазақстаннан жылына 1 миллион тоннаға жуық астық алады.
KAZAKBOL.COM