Жақында Кабулда тұратын ауған журналисі өз үйінде соққыға жығылды. Ауғанстандағы тілшілер журналистикадан кеткеннен кейін де қысым көріп жатыр.
Ауғанстанда тәліптер билікке қайтып оралғалы сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігі зардап шекті. Елде журналистер мен белсенділерді қудалау жүріп жатыр, деп хабарлады Азаттық радиосының Ауған редакциясы.
Заки Каис 20 жыл журналист болып істеген. Былтыр тамызда тәліптер Кабулды бақылауға алған уақытта ол Khawar тәуелсіз телекомпаниядан кетуге мәжбүр болды. 15 қаңтарда белгісіз біреулер Заки тұратын үйдің қақпасын қағып, көмек сұраған. Бірақ олар бұл үйге журналиске шабуылдау үшін келген.
«Біреуі шашымнан тартып, тағы біреуі қақпаны күшпен жұлқылады. Мойнымды қайшы секілді есікпен қысты», — дейді журналист әйел.
Қарақшылар пышақ ала жүгіргенде Каис есікті жауып үлгерген.
Журналистің айтуынша, ол бұған дейін де тәліптердің шабуылына бірнеше мәрте ұшыраған. Бұл жолы Каис отбасымен бірге қашуға мәжбүр болды.
Тәліптер журналиске жасалған қастандыққа қатысты ешқандай мәлімет бермеді, БАҚ өкілдері әділ тергеуді талап етіп отыр.
«Ауғанстандағы «Талибан» басшылығы журналист Заки Каиске шабуылдағандарды тауып, оларды жауапқа тартуы тиіс», — деп мәлімдеді Журналистерді қорғау комитеті Азия бағдарламасының үйлестірушісі Стивен Батлер.
Тәліптер Ауғанстанда билікке келгеннен кейін елде ондаған басылым жабылды, он журналистің сегізі басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болды.
KAZAKBOL.COM