Ақтөбеде 15 келі есірткі сатты деп айыпталған жігіттің туыстары көмек сұрайды. Айтуынша, сотта айыпты деп танылған Әсет Жырбаев есірткіге салынған адамдардың арызы негізінде жауапқа тартылған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
«Менің ағам жазықсыз сотталғалы жатыр. Оның бұл іске еш қатысы жоқ. Ол туысымыздың екі баласын пәтерге орналастырып жүргенде бір жігітпен танысады. Кейін ол жігіт ағама хабарласып: «Ресейден адамдар анаша алуға келіп еді. Таба алмай кетіп барады, сол адамға анаша керек. Байланыстарың, таныстарың бар ма? Кез келген бағаға алып кетеді» деп сұраған.
Ағам сол жерде естіген жігіттерінің бар екенін айтқан. 15 келі есірткіні сұраған адам ағамнан жеткізіп беруді өтінген. Сол жерде комитеттің адамдары есірткі сатушы ретінде ағамды ұстады», — дейді сотталушының қарындасы.
Есірткі сатты деп айыпталған Әсет Жырбаев пен оның танысы Мырзабаев 28 маусымда қамауға алынған. Сотта прокурор Жырбаевты 13 жыл, Мырзабаевты 11 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушының жұбайы жасқа толмаған баласының бар екенін айтып, көмек сұрайды.
«Олар соңында 15 келі есірткі берген адамды таппай отыр. Сотта да ол адамға қатысты ешқандай сұрақ болған жоқ. Тасымалдау кезінде қастарында болғаны үшін Әсет есірткі сатушы болып кетіп тұр. Адамның тағдыры ойыншық болып тұр, ақ-қара анықталмай жатыр. Жолдасыма жала жапқан адамдардың өздері есірткі пайдаланушылар. Жолдасым үйдегі жалғыз асыраушы, қазір бір жастағы баламен жұмысқа да шыға алмай отырмын», — дейді сотталушының жұбайы Анар.
Сотталушылар 297 баптың 3-бөлігімен есірткі заттарын сатумен айналысу бойынша жауапқа тартылды.
KAZAKBOL.COM