Ташкент қаласы Мирабад ауданының қылмыстық істер жөніндегі соты 20 қаңтарда блогер Мирәзіз Базаров ісін қарай бастады.
Оның үстінен «жала жабу» айыбы негізінде қылмыстық іс қозғалған.
30 жастағы блогер Өзбекстан үкіметін сынап, жоғары лауазымды шенеуніктерді жемқор деп айыптаған, сонымен бірге биліктен гемосексуализм үшін қылмыстық жазаны алып тастауды бірнеше мәрте талап еткен.
Соттың алғашқы отырысы ашық өтеді деп айтылғанымен, журналистерді сот залына кіргізбеді.
Ташкент қаласы сотының баспасөз хатшысы Садокат Аллаберганова журналистерден коронавирус бар-жоғын анықтайтын тест нәтижесін көрсетуді талап еткен. Бірақ журналистер мұндай талапты ешкім алдын ала ескертпеді деп отыр.
Блогердің адвокаты Сергей Майоровтың айтуынша, судья сот залындағыларды іске қатысты мәлімет таратуға тыйым салды.
20 қаңтардағы сот отырысында судья блогер Мирәзіз Базаровты үйқамақтан босату туралы өтінішті қабылдамаған. Сотта жәбірленуші тарап тыңдалған.
Мәліметтерге қарағанда, жәбірленуші ретінде төрт адам таныстырылған. Олар: дін қайраткері Аброр Абдуәзімов, блогерлер Шухрат Мұсаев пен Абусалих Салимов, сонымен бірге №110 мектептің бір мұғалімі.
Блогер Мирәзіз Базаров ісі бойынша тергеу тоғыз айға созылды. Қылмыстық іс 2021 жылғы 28 сәуірде қозғалды. 29 сәуірде сот блогерді үйқамаққа жіберді.
KAZAKBOL.COM