Өзбекстан ішкі істер министрлігі Ташкент облысы Букин аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкері жұмыстан шығарылғанын, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Милиция қызметкерлері тергеу изоляторына түскен бір күдіктіні азаптап өлдірді деген күдікке қалды.
Министрлік мәліметінше, Жоғарғы Шыршық ауданының 1987 жылғы тұрғыны «ұрлық жасады» деген күдікпен ұсталған. Күдікті Букин аудандық милиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкерінің үстінен «азаптау» қылмысына қатысты іс қозғалды. Олар жұмыстан шығарылды.
ІІМ Букин аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы А. Бабаханов, оның бірінші орынбасары В. Худайкулов, сонымен бірге бөлімдегі тағы бірнеше адам қызметтен алынғанын хабарлады.
ІІМ мәліметінше, У.С. есімді күдіктіні 3 маусымда сағат 22:00 шамасында тергеуге арналған арнайы бөлмеге емес, қызмет бөлмесіне кіргізіп, заңға қайшы келетін әдіспен тергеген. Тергеу барысында күдіктінің жағдайы нашарлап, милиция бөліміне жедел жәрдем шақыртылған. Күдікті ауруханаға жеткізген уақытта қайтыс болған.
Сот-медицина сараптамасы У.С. денесінде соққы іздері қалғанын анықтаған.
ІІМ мәліметінше, милиция қызметкерлері күдіктіні азаптады деген айыпты жоққа шығарып отыр.
KAZAKBOL.COM