41 жастағы өзбек блогері Фозилхожа Орифхожаев 7,5 жылға бас бостандығынан айрылды. Үкімді 26 қаңтарда Ташкенттің Алмазар аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты шығарды.
Ол қоғам қауіпсіздігі мен тәртібіне нұқсан келтіретін материалдар дайындады, сақтады, таратты деп айыпталды. Бұның алдында блогер Ташкенттегі «Тухтабой» мешітінде тағы бір блогер Аброр Абдуазимовпен керісіп қалып, оны «екіжүзді» деп балағаттаған.
28 маусымда Орифхожаевті ішкі істер органдарына шақыртты. Сол күні сот оған 15 тәулік әкімшілік жаза тағайындады. Коронавирус пандемиясын алға тартып, оны адвокаты Сергей Майоровпен кездестірмеді.
Forum18 халықаралық ұйымының хабарлауынша, қамауда жатқан уақытта түрме басшылығы Орифхожаевқа озбырлық жасаған. Өзбек блогерінің тағдырын басқа да халықаралық ұйымдар жіті бақылап отыр.
Атап айтқанда, Хьюман Райтс Вотч (HRW) өзбек билігін ташкенттік блогерге тағылған жалған айыптардан бас тартуға шақырған.
KAZAKBOL.COM