Ауғанстанның тәліптер құрған үкіметіндегі қорғаныс министрлігі Тәжікстан мен Өзбекстаннан ауған тікұшақтарын қайтаруын тағы сұрады. Әскери тікұшақтар былтыр тамыз айында көрші республикалар аумағына өткен.
Тәліптердің қорғаныс министрлігінің өкілі Инаятулла Хоразамидің мәлімдеуінше, Кабул жақында көрші елдерге өткен тікұшақтарды қайтарады. Бұл туралы 8 тамызда TOLOnews телеарнасы хабарлады.
«Тікұшақтар — ауған халқының меншігі. Олар қазіргі үкіметке, қорғаныс министрлігіне қайтарылуы тиіс», — дейді Хоразами.
Бұл уақытта, ауған сарапшыларының бірқатары тәліптер үкіметін халықаралық қауымдастық танымайынша тікұшақтарды қайтару мүмкін емес деп есептейді. «Тікұшақтар құжаттарының Ауғанстанға қаншалықты қатысты екенін айту қиын. Екінші мәселе — тәліптер үкіметін әлемнің бір де бір елі таныған жоқ», — дейді Ауғанстанның Тәжікстандағы бұрынғы дипломаты Фахим Кохдамани.
Ауған әскерилері, 2021 жылғы тамызда «Талибан» содырлары Кабулды алып, президент Гани әкімшілігі жеңілген тұста, әскери техникамен Өзбекстан аумағына өткен.
Биыл қаңтардан бері «Талибан» үкіметі Өзбекстан мен Тәжікстаннан қырықтан астам техниканы қайтаруды талап етіп келеді.
KAZAKBOL.COM