Дангарин аудандық соты 20 маусымда баласын ұрып жатып, видеоға түсірген әйелге қатысты шешім шығарды. Холиса Шоева 35 мың сомони (3225 АҚШ доллары көлемінде) айыппұл немесе бір жыл екі ай абақтыда жазасын өтеуі тиіс.
Ол Озоди радиосына берген сұқбатында сот шешімімен келіспейтінін, бірақ қайта шағымдануға мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеді.
«Менің адвокат жалдауға мүмкіндігім жоқ. Қазір ақшаны қайдан тауып, айыппұлды төлесем деп ойлап отырмын. Қызым анасыз зардап шекпеуі тиіс», — деді Холиса Шоева.
Биыл сәуір айында баласын ұрған әйелдің видеосы әлеуметтік желілерде кең тарап, қолданушылардың ашуын туғызған. Олар анасын жазалауды талап еткен.
Бұл оқиғаға қатысты Тәжікстанның бас прокуратурасы Холиса Шоева бұрынғы күйеуі Сайфиддин Алиевтен кек алу мақсатында әдейі ұрған деп мәлімдеді. 25 сәуірде ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан, Холиса Шоева екі жастағы қызын алып, үйінен кетіп қалған.
«Ол жолда таксиде кетіп бара жатып, қызын ұрып жатып, видеоға түсіріп, күйеуіне жіберген. Күйеуі бұл видеоны әлеуметтік желіге таратып жіберген», — деп мәлімдеген бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, Холиса Шоева тергеуге алынған.
Сайфиддин Алиев Озоди радиосына сот шешімімен келісетінін, бірақ анасы мен қызын айыруға мүдделі емес екенін айтып, бұрынғы әйеліне ортақ баласына қол көтермеуін өтінген.
Холиса Шоева мен Сайфиддин Алиев қызы дүниеге келгеннен кейін ажырасып кеткен.
Тәжікстанда бір жыл ішінде баласын ұру фактісі бойынша 50-ден астам оқиға тіркелген.
KAZAKBOL.COM