Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қырғызстан құрамасы жалпы есепте бірінші орынға көтерілді. 5 қыркүйекте таңертең алаң иелерінде 43 медаль болды: 15 алтын, 15 күміс және 13 қола.
24 медаль алған Ресей құрамасы екінші орынаға тұрақтады (11 алтын, 5 күміс және 8 қола.
Бұған дейін көш басында болған Қазақстан құрамасы үшінші орынға түсіп қалды. Қазақ командасы 32 медаль алды (9 алтын, 9 күміс және 14 қола). Төртінші орында Түркіменстан құрамасы (18 медаль, 8 алтын), бесінші орында — Иран (8 медаль, 4 алтын).
III Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты 2 қыркүйекте Ыстықкөл облысындағы Бактуу-Долоноту ауылының ипподромында өтті. Қырғызстан үкіметінің 2012 жылғы бастамасымен өткізіліп келе жатқан турнирдің мақсаты — көшпелі өркениетті қайта жаңғырту.
Ойындарға әлемнің 66 елінен бір жарым мыңнан астам спортшы қатысады. Барлығы 594 медаль сарапқа салынады – 174 алтын, 173 күміс және 247 қола.
KAZAKBOL.COM