Келер жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Айтулы мерекеге орай кең көлемді шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов мәлімдеді.
Осы жылдың 21 тамыз бен 21 қыркүйек аралығында Қызылорда қаласының 200 жылдық төлтаңбасын әзірлеуге арналған ашық байқау өтеді. Эмблема қаланың ресми символы болатындықтан төлтаңбада Қызылорда қаласының өткені мен бүгінін, келешегін айқын бейнелейтін көріністер қамтылуы қажет. Бас жүлдеге 500 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Ал белсенді қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады.
Биылғы қала күні 22-30 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарлануда. Осыған орай, мерекеде Қызылорда қаласының туын көтеру рәсімі және «Чемпионмен жаттығу» атты спорттық-мәдени шарасы, «Қызылорда қаласы туған күн кубогі» үшін көңілді тапқырлар алаңы, «Шабыт алаңы» атты ақындар фестивалін ұйымдастырып, қорытындысымен елге танылмай және танылып жүрген ақындардың жаңа өлеңдер жинағына шығармалар іріктеліп, кітап шығарылады.
Қала әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы: «Мерекеге аясында «Қызылорда менің жастық шағым» атты ашық аспан астындағы кездесу кеші және «Кітап бульвары» атты кітаптар жәрмеңкесі өткізіледі. Қала тұрғындары Сыр-Ана монументінде «ЭТНОАРТФЕСТ» ұлттық фестивалін, «Аспаздар шайқасы» атты аспазшылар, дәстүрлі ІІІ Қымыз, шұбат және Қауын – қарбыз фестивальдерін, қала аумағындағы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының дәстүрлі «Өнер фестивалі» мәдени шарасын тамашалай алады.»
«Сүйікті қалам Қызылорда» атты фото — суретшілердің байқауы, қала әкімінің «Мереке» вокалды — аспапты ансамблінің концерті және Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт, отшашу ұйымдастырылады.