Қызылорда қаласында «магнит адам» тұрады. Есімі – Нартай Тұрсанов. Оның бойында магниттік биоэнергиясы басым болғандықтан темір-терсекті денесіне жабыстыра алады. Baq.kz сайтының Қызылорда облысындағы тілшісі «магнит адамның» үйінде болып, қасиетінің сырын білуге тырысты.
Нартай Маханбетқалиұлы. Фото: baq.kz
Нартай Маханбетқалиұлы өзінің бойында тылсым күш бар екенін 20 жылдан астам уақыт бұрын байқаған. Алайда, бірер жылда соған тағы бір көз жеткізеді.
«Әйелімді ертіп сарайдағы денеге ыңғайлы балта, балға (12-14 келілік заттар) секілді темір-терсектерді жабыстырдым», – дейді Нартай.
Мұндай «экспериментті» 8 келі темірді денесіне жабыстырып, «елімізде маған тең келетін ешбір жан жоқ» деген оралдық «магнит әйелге» ерегесіп жасағанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл өзінің әлдекіммен күшті екенін дәлелдеу үшін жасалған әрекет емес, арқасы бар адамдарға астамсымау керектігін білдірген базынасы ғана екен.
«Қарлығаш Нығметованың “Қазақстанда менен асқан магнит адам жоқ” деп астамсып сөйлегенін теледидардан көріп, шамданып қалдым. Ол Гиннестің рекордтар кітабына кіруге талаптанып жүр екен. Интернеттен іздеп көрдім, магнит адамдар көп. Әрқайсысының деңгейі әр түрлі. Біреуі он келінің шамасында көтереді, енді бірі қасықты ғана жабыстырады.
Ал мен сияқты 100 келіні көтере алатын адам әлемде өте сирек, тіпті жоқ. Мендегі ең жоғарғы деңгейдегі қуат. Мәселен, Грузияның әзірбайжаны денесіне 53 қасықты жабыстырғанын көрдім. Оның да шамасы 100 келіге жетеді екен. Егер арнайы плиталар жасалса, 100 келіден де асатын салмақты көтеруім мүмкін.
Бірақ денеме темір табақ жабыстырып, салмағы 80-90 келі болатын адамды мінгізіп тәжірибе жасап көрдім. Демек, менің мүмкіндігім бұдан да жоғары деген сөз», – дейді қызылордалық «магнит адам».
Алайда, қарапайым қызылордалық тұрғын бойындағы осы бір ерекшелікті әйгілеуді әбестік санайды. Десе де, журналистер өзінің қасиетіне қызығып, үйіне жиі келетінін, бетін қайтаруға ұялатынын айтты.
Бұдан бөлек, ол денесіне тек темір ғана емес, шыны, ағаш бұйымдарды да жабыстырады екен.
Сондай-ақ, Нартай Тұрсанов қолымен басқаның денесін 3 секунд ұстап, қуатын дарыта алады. Содан кейін ол да жарты сағаттай «магнит адамға» айналады.
«Емшілер одағында ғалымдар бас қосқанда мен туралы әңгіме болды. Олардың айтқаны – ғылымда мұның құпиясы ашылмаған. Магнит дейін десек, денеме шыны да, ағаш та, кітап та жабысады. Өзімнің қуатты, қарулы адам екенімді білемін, бірақ ол қасиеттің сырын білмеймін.
«Мен неге ерекшемін?» деген сұраққа жауап бере алмаймын. Ата-бабадан текпен келген қасиет шығар деп қана айта аламын. Бұл – Құдайдың құдіреті. Басқа жауабым жоқ әзірге», – дейді Нартай Тұрсанов.
Қолының биотогы бар жігіт ағасы адам да емдейді, ән де салады.
KAZAKBOL.COM