Қайрат Аушахманов (сол жақта) және Темірлан Бектас (оң жақта). Фото Петропавловдың ІІБ
Осыған дейін құрықталған үш азамат сенбі күні болған атыстың қатысушылары екені белгілі болды. Ал жұма күнгі қақтығыста болған жігіттер әлі бой тасалап жүр, дейді полицейлер. Түнгі клубтан басталған текетірестің арты атысқа ұласып, 19 жасар спортшы жігіт бір аяғынан айырылған еді.
Оқиғаның мән-жайын зерттеуге прокурорлар да кірісті. Олардың айтуынша, қос тарап атысқа білек сыбана дайындалған. Себебі жігіттер ұсталған кезде, олардан екі шолақ мылтық пен пневматикалық тапанша тәркіленген. Алайда, олардың неге адам көп шоғырланған жерде кездескені әзірге белгісіз.
«Қару-жарақ екі жақта да болған. Жапа шеккен азаматты екі досы облыстық ауруханаға алып келді. Кейін полицейлер ізін суытпай екінші көлікті де анықтады. Олар Петропавлдың «Ойқала» ауданында ұсталды. Құрықталған үш жігіттің біреуі кәмелет жасына толмаған», — дейді СҚО ІІД тергеу басқармасының басшысы Қайрат Қасымбеков.
Қазір аталған фактіге қатысты үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалды: қару-жарақты сақтау, бұзақылық және өлтіруге қам қылу. Бұның барлығы сенбілік оқиғаның салдары. Ал жұма күні түнгі клубта болған қырғын қатысушылары бірден ізін суытқан. Темірлан Бектас пен Қайрат Аушахмановқа екінші тамызда ресми түрде іздеу салынды. Демалыс орнының дәл түбінде болған атысты тоқтатпаған полицейлерге қатысты қызметтік тексеру жүргізілмек.
Ал атыстың кесірінен аяғынан айырылған Ербол Хамитов қазір №1 қалалық ауруханасында ем-дом алып жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалайды.
Айта кетейік, текетірес кезінде араша болмаған демалыс орнының күзетшілері де тексерілетін болады. Егер де олардың бейқамдығы дәлелденсе, онда клубтың әкімшілігі жауапқа тартылуы мүмкін.
KAZAKBOL.COM