Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы қорындағы өзі жиған қаражатты алуға құқылы. Министр болғаны үшін емес әрине, тәртіп солай. Ашып айтар болсақ, осы уақытқа дейін 6 млн 700 мың теңгені жинап үлгерсеңіз, үстіндегі қаржыны алып, өзіңіз жұмсай аласыз. Қазір елімізде бұл межеге жеткен 114 мың адам бар. Министрдің өзі сол тізімге енетін болып шықты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«40 жастағы азаматтың зейнетақы қорындағы салымын алу үшін, ол жерде кем дегенде 6 млн 700 мың теңге қаржысы болуы тиіс. Белгіленген сомадан асқаннан кейін ғана, азамат үстіндегі жиналған ақшасын алып, кәдеге жаратуға үміттене алады. Бүгінгі Үкімет қабырғасында өткен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлімдеді.
БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
«Айта кетуіміз керек, жинақтаушы зейнетақы қорында ел азаматтарының 10,4 млрд теңге жинағы, 10 млн-ға жуық зейнетақы есепшоттары бар. Бірақ, өкінішке орай, оның ішіндегі салымдардың тек 53%-нің жинақ сомасы 500 мың теңгеге дейін ғана. Қосымша 16% 500 мың теңгеден — 1 млн теңгеге дейін ғана.
Ал, салымшылардың қалған 15 % 1-2 млн теңгенің төңірегінде ақша жинап үлгерген. Демек, зейнетақы қорына қарттыққа қаржы сақтап жатқан азаматтардың 84 %-ің ақшасы 2 млн теңгеге де жетпейді. Ал, министрдің өзі сол қордағы қаржыны алу бақытына ие болатын 114 мың адамның тізіміне кіретінін мәлімдеді.
БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
«Мен 2009 жылдан бастап осы Астанада жұмыс істеймін. Үлкен қызметтерде, жалақы жақсы болған. 114 мыңның ішіне кіремін».
«Ведомство басшысының сөзінше, қазір жұмысшылардан жарнаны ұстап, ол қаржыны зейнетақы қорына аудармай жүрген 100 мыңнан астам кәсіпорын бар екен. Олардың қордаланған қарызы 3 млрд теңгеге жуық. Жақын арада министрлік сол ақшаны өндіріп алудың қамына кіріспек».
БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
«Өкінішке орай, бүгінгі күннің өзінде 100 мыңға жуық кәсіпорындар біздің азаматтың, жұмысшының жалақысынан 10 % жарнаны ұстап, бірақ, жинақтаушы қорға аудармай отыр. 2,7 млрд теңге қарыздар бар».
Бүгінгі баспасөз мәслихатында ведомство басшысы жәрдемақы алатындар жөнінде де сөз қылды. Сонымен, 1 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған аналардың көмегін 1,5-3 жылға дейін ұзарту жайы қарастырылып жатыр екен.
БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
«Қазір, бала күтіміне байланысты аналарға төленетін бір жылғы жәрдемақының мерзімін ұзарту жөніндегі мәселені қарастырып жатырмыз. Негізінде, 1,5 немесе 3 жылға дейін созу жоспарда бар. Бүгінде 387 мыңға жуық ана осы көмекті алып келеді. Жұмыс істемейтін әйелдер бюджеттен 15-24 мың теңгенің төңірегінде көмек алса, жұмыс істейтін аналар «Әлеуметтік сақтандыру қорынан» ай сайын жәрдемақы алып келеді».
Сондай-ақ, ведомство басшысы алдағы уақытта мүгедектікке байланысты берілетін жәрдемақының мөлшерін де көбейетінін айтып қалды. Арбаға таңылғандарды қарап отырған күтушісіне де арнайы төлем енгізілетін мәлімдеді. Бірақ, аталған өзгерістер қашан қосылатыны белгісіз. Министр бұл жөнінде алдағы уақытта тағы ақпарат беремін деп уәде етті.
KAZAKBOL.COM