13 шілде күні Жаңаөзендегі мұнай өндіруші «ӨзенМұнайГаз» компаниясының өндіріс ошақтарын күзететін «KMG-Security» компаниясының жұмысшылары жалақыны өсіруді талап етіп, ереуілге шықты. Олар талаптары орындалмайынша жұмысқа оралмайтынын ескертті.
«KMG-Security» күзетшілері Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» мұнайшылары жұмысқа аттанатын автобекет маңындағы мекеме кеңсесінің алдында отыр.
Бұл туралы Азаттыққа мәлімдеген жұмысшылардың бірі Ниязбек Сәдуовтың айтуынша, жұмыс берушіге тек екі талап қойылып отыр: жалақыны 150 мың теңгеге көтеру және мереке күндері қарсаңында сыйақы төлеу.
— Біз былтыр да осындай наразылық жасадық, талап қойдық. Басшылар келгенмен ештеңе шешілмеді. Осы жолы талап орындалмай жұмысқа шықпаймыз деген шешімге келдік. Таңертеңнен бері ешкім жұмысқа шыққан жоқ, — деді ол.
Оның сөзін қолдаған, аты-жөнін айтудан бас тартқан күзетшінің бірі қойып отырған талаптарының аса үлкен емес екенін айтып, азық түлік қымбаттағанымен жалақының өзгермейтінін айтты.
— Бізде 20 жыл еңбек өтілі барлар ғана 75-80 мың теңге алады. Ал жаңадан кіргендер 57-60 мың теңге алады. 24 сағат жұмыс істейміз. Экологиялық жағынан қауіпті өндірістік аймақта ұңғымаларды күзетіп тәулік бойы жүреміз, — деді әлгі күзетші.
Оның айтуынша, Жаңаөзенде жұмыссыздық көп, аты-жөнін айтса қысымға ұшырап, аз да болса алып отырған жалақының өзін ала алмай қаламыз, қудалайды деп уайымдайды.
«KMG-Security» күзетшілері талаптары туралы видео да түсіріп, оны әлеуметтік желі арқылы таратты. Онда талап айтқан күзетшілерге «KMG-Security» компаниясының Жаңаөзендегі бөлім басшысы Алмас Темірәлиевтің келгені көрінеді. Видеода ол серіктестіктің басқарма басшысының бейсенбі күні келетінін айтып, күзетшілерге талаптарды хаттама түрінде жіберуді ұсынды. Наразылық білдіргендерге келген Жаңаөзен қаласы прокуроры да олардың бұлай жиналуы заңсыз екенін айтып, тарауды, жұмысты жалғастыруды сұрады. Бірақ оған наразы топ келіспей, жалақы мәселесінің екі жылдан бері айтылып келе жатқанын, құрғақ уәдемен қалғанын айтып «жұмысқа шықпаймыз» деп айқайлады.
Азаттық тілшісі «KMG -Security» компаниясының Жаңаөзендегі бөліміне де, Нұр-Сұлтандағы бас кеңсесіне де хабарласқан. Екеуінде де басшының орнында жоқ екенін айтты.
«KMG-Security» ЖШС (бұрынғы «Semser Security»/»Семсер») компаниялар тобы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Оның Жаңаөзен қаласындағы филиалында 1200 адам жұмыс істейді.
Ал компанияда жалпы саны 7500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл мекеме 500-ден астам өндірістік және әкімшілік нысандарда күзет-режимдік, өрт сөндіру, апаттан құтқару және басқадай шараларды жүзеге асырады.
«KMG-Security» компаниялар тобының құрылтайшысы — «ҚазМұнайГаз»Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы.
KAZAKBOL.COM