30 тамызда Жаңаөзенде бір топ белсенді мен қала тұрғындары коронавирус вакцинасын мәжбүрлеп салдыруға қарсылық акциясын өткізді.
Олар «Мәжбүрлі вакцинаға қарсымыз», «Біздің таңдауымыз бар» деген ұрандар жазылған плакат ұстап тұрды. Бұл жайлы Азаттыққа азаматтық белсенді Ұлбосын Тұрдиева айтып берді. Ол акция туралы Facebook парақшасында видео жариялады.
Белсенділер Жаңаөзен әкімдігіне қарсы беттегі орталық алаңға жиналды. Бұл алаңда 2011 жылы 16 желтоқсанда «Жаңаөзен оқиғасы» болған.
Ұлбосын Тұрдиеваның айтуынша, арнаулы жасақ пен полиция автобусы келген соң жиналғандар алаңда тұрмай, орталық көшемен әрі-бері жүрген.
Акция кезінде азаматтық белсенді Мұратбай Жұмағалиев вакцинаны салуға мәжбүрлемеуді сұрады.
— Вакцинаны мүлдем салдырмаймыз демейміз. Бірақ мәжбүрлемесін, әркім өз еркімен салдырсын, -дейді ол.
Акцияға келгендер вакцина алмағандарға өз ақшасына ПТР тапсырту дұрыс емес деп санайды.
-Мысалы, балабақша тәрбиешісі 70 мың теңге айлық алады, айына 3 рет тест тапсырса айлығының жартысы кетеді. Ал вакцина алмағандар жұмыс орнына кіру үшін айына бірнеше рет ПТР тест тапсыруға тиіс. Халық міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеп отырғандықтан тест тегін болмай ма? -дейді қатысушылардың бірі.
Наразылық акциясына қала әкімі Жаңабай Аймағамбетов келді. Оның сөзінше «рұқсат етілмеген акция заңсыз».
-ПТР тапсыруға ешкімді мәжбүрлемейді. Вакцина салдыру да ерікті. Жиналғандарыңыз заңсыз. Тарқаңыздар, — деді ол.
Қазақстанда үкімет еңбек ұжымдарына коронавирус вакцинасын салуды міндеттеген. Осыдан соң елде вакцияна міндеттеуге қарсы акциялар өте бастады.
KAZAKBOL.COM