Калмуханбет Касымов. Фото Турара Казангапова ©
Қазақстан Республикасының
ішкі істер министрі,
Полиция генерал-лейтенанты
Қ.Н. Қасымовқа
Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!
Мен 2015 жылы Талдықорған қаласында ҚХР-ның азаматы Иманәлі Жазира атты қызбен танысып, бір-бірімізді ұнатып, алдағы күндерде отбасын құруға уағдаласып едік.
Өкінішке орай, болашақ жарым Иманәлі Жазира 2016 жылы 7 маусымда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 517 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарылып жіберілді.
Ең қиыны, «Халықтың көші-қоны туралы» (2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV) Заңының 49-бабының «5) Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;» деген нормасы ескерілместен, бірінші мәрте әкімшілік құқық бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарылып жіберілгені болып тұр.
Міне, содан бері бір жыл өтті. Енді төрт жылы бар. Сөз берген соң, жігіт адам уәдесінде тұру керек! Жақында ҚХР-ға барып, Иманәлі Жазирамен заңды некеге тұрып келдім. Шынымды айтсам, төрт жыл тосу мен үшін оңайға соғып тұрған жоқ. Бейбіт күнде ескі заманның қатал заңына ұшыраған ғашықтардың күйін кешу қиын екен, Қалмұханбет ағатай!
Оның үстіне, үйдегі ұлдың кенжесі едім. Әкем Нұрсапа Тұрсын миына қан құйылып, ауырып жатыр. Менің тойымды жасап, қызығымды көріп кетсем деп күнде армандайды. Халқымызда «Екі жасты қосқан алғыс алады, екі жасты айырған қарғыс алады!» деген аталы сөз барын жақсы білесіз.
Бүгін «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Сіздің орынбасарыңыз Р.Т. Жақыповтың қабылдауда болып, осы хатты тапсырдым.
ҚР Ішкі істер министрі лауазымыңызбен, Полиция генерал-майоры мәртебеңізбен менің шаруамды өз қолыңызға алып, алыста қалған келініңіздің Атажұртына оралуына, сыңарына қосылуына көмектесуіңізді өтіне сұраймын!
Сонымен қатар Сізді өмірде бір рет қана болатын отбасын құру тойымыздың құрметті қонағы болуға шақырам!
Құрметпен,
Тұрсын Бөрібай
KAZAKBOL.COM