Фото: NUR.KZ
Бүгін жанкүйерлер дзюдодан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен қола жүлдегер Галбадрах Отгонцэцэгті Алматы әуежайынан күтіп алды.
Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Олимпиада жүлдегерлері Алматы әуежайына сағат түнгі 2-ге қарай қонса да, өз батырларын күтіп алуға келген халықтың санында шек болмады. Күтіп алушылар қатарында Елдос Сметовтің ата-анасы мен бауырлары да бар.
Ұлын тағатсыздана күтіп тұрған Елдостың анасын сөзге тарттық. Батыр ұлды дүниеге әкелген ана баласының жекпе-жегін көру өзіне оңай түспегенін айтады.
«Мен ұлымның ғана емес, қазақ спортшыларының қай-қайсысы сынға түсіп жатса да, жанымды шүберекке түйіп отырамын. Ал ұлым күрескенде тіптен тыныш отыра алмай, сыртқа шығып кеттім. Күміс те жаман медаль емес, Аллаға шүкір. Ұлым пейілі кең, ақжарқын, адамдарға көмектескісі келіп тұратын жан ғой. Алла сол ниетіне берген шығар, өте қатты қуанып тұрмын», — дейді Елдостың анасы.
Ал Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев болса, Елдос тұғырда тұрған сәтте оның барлық жаттығуы, қиын кезеңдер мен аянбай тер төккен шақтардың көз алдынан өткенін жеткізді.
«Әрине, әнұран шырқатсақ деп бардық. Бұйырмады алтын… Десек те, көк байрақты желбіретіп қайттық қой… Елдос жартылай финалда әзірбайжандық балуанға көп күш жұмсап қойды», — дейді бапкері.
Түн ортасында Елдосты күткен жанкүйерлер оны аяғын жерге тигізбестен алып кетті. Әуежай маңында қазақтың көк байрағын жамылған жастар «Қазақстан, алға» деп ұрандатып жүрді.
KAZAKBOL.COM